Өткен аптада «Арман» мәдениет үйінде аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі мен аудандық әдістемелік халық шығармашылығы мен мәдени демалыс қызметтерін ұйымдастыру орталығының ұйымдастыруымен «Тіл шебері» атты аудандық байқауы өтті.
Бірінші бөлімде сайыскерлер қойылған сұрақтарға орыс тілінде жауап берсе, «Ұлттаным» бөлімінде қазақ елінің тарихы мен ұлы тұлғалары, еліміздің аймақтары жөніндегі сұрақтарға ағылшын тілінде жауап берді. Ал, «Өнертаным» кезеңінде үміткерлер ағылшын, қазақ тілінде жаңылтпаш айтса, төртінші бөлімде латын әріптерімен сөйлем құрастырып, қағазға түсірді.
Сайыс нәтижесінде, Х.Досмұхамедұлы атындағы орта мектептің орыс тілі пәнінің мұғалімі Роллан Руслан І орынды иеленсе, Б.Аманшин атындағы орта мектептің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Рысгүл Сағынғали ІІ орынды, Миялы орта мектебінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Еркеназ Жапақова ІІІ орынды еншіледі. Ал, Сағыз, Ойыл, Тасшағыл ауылдық округтерінен қатысқан Әйгерім Тұрғали, Айымгүл Макимова, Айгүл Сапаровалар алғыс хатпен марапатталды.
Гүлмира МАҚСОТҚЫЗЫ