Өткен аптада аудандық мәдениет тілдерді дамыту спорт және дене шынықтыру бөлімінің ұйымдастыруымен Жангелдин ауылдық округінде жергілікті ақын, желтоқсаншы, ұстаз Бағдагүл Қайыңбаеваның «Ақындықты арман еткен...» атты шығармашылық кеші өтті.
Кеш алдында ақынның «Жырмен шуақ шашқан» атты өлеңдер жинағының тұсауы кесілді. Жинақ аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, спорт және дене шынықтыру бөлімінің қолдауымен жарыққа шықты.
Шарада ақын өмір дерегіне шолу жасалып, көгілдір экраннан естелік суреттері көрсетілді. Сондай-ақ, Миялы орта мектебінің оқушылары, әрі Бағдагүл Қайыңбаеваның шәкірттері Динара Ерболатқызы мен Назерке Ыбырайқызы ақын өлеңдерін мәнерлеп оқып берді. Одан әрі кешті «Арман» мәдениет үйінің өнерпаздары тамылжыған әнмен, мың бұралған бимен жалғап, көрермендерге әдемі әсер сыйлады. Кейін ақынның өзі сахна төріне шығып, кешті ұйымдастырушыларға өз ризашылығын өлең жолдарымен жеткізді. Өлең жырларына әбден қанық болған ауыл тұрғындары ақынға өз лебіздерін білдірсе, ақынның шәкірті, аудандық, облыстық ақындар айтысының жеңімпазы Әнуарбек Садықов ұстазына өлең жолдарын арнады. Кеш соңында жергілікті мәдениет үйінің директоры Тасқынбай Бақ, Миялы орта мектебінің директоры Ғайса Қанат, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, спорт және дене шынықтыру бөлімінің басшысы Жарас Есенғалиевтер ақынға шығармашылық табыс тілеп, алғыс хат пен естелік сыйлықтар тапсырды. Айта кету керек, ақынның бұл алғашқы шығармашылық жыр кеші.
Нұрәділ ЕЛАМАН