Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ЖЕТПІС ЖЫЛДАҒЫ ЖАРҚЫН ЖҮЗДЕСУ

Қашанда, өзі бір күндік, сөзі мың күндік "Қызылқоға" газеті  оқырмандардың сүйікті басылымына айналып келе жатқаны анық. Өйткені, бұл газет 70 жыл бойы ауданның тыныс-тіршілігімен біте қайнасып, ел экономикасының дамуына зор үлес қосып келеді. Ендеше, жетпіс жыл бойы халықтың тілі, құлағы, көзі бола білген аталмыш газеттің мерейлі  мерекесі кең көлемде атап өтілсе керемет емес пе?! 

Міне, осыны жете сезінген  "Атырау-Ақпарат" медиахолдингіне қарасты  "Қызылқоға" газетінің редакциясы жыл басынан  бері бірнеше шара ұйымдастыруды қолға алып, оған Қызылқоға ауданының әкімдігі қолдау білдірді. Айталық, шара аудандық орталық кітапхананың ұйытқы болуымен "Арман" мәдениет үйінде "Газет - өмір айнасы" атты "Қызылқоға" газетінің бас редакторы Бауыржан Сисенов, газет ардагері Жолдас Жанқуатов екеуімен кездесу болса, Жангелдин ауылдық кітапханасында "Рухани құндылықтың негізі" атты кітап көрмесі, Миялы спорт кешенінде журналистер арасында Лес Жолдиевті еске алуға арналған облыстық турнир ұйымдастырылды. "Қызылқоға" газетінде бас редактор болған Қабдол Кенжалиев, Ізни Нұрқасымов,  Төлеубай Ысқақов және қаламы қарымды журналист Жолдас Жанқуатовтың есімдерін ұлықтаған "Қаламгер сыйлығы" атты  газет жанрларынан байқау,  Жолдығали Бақытов атындағы облыстық жас ақындар мүшәйрасы, танымал фототілші Қайрош Қабдешев атындағы фотосуретшілер байқауы өткізілді. Осындай шаралардың өз мәнінде өтуіне қаржылай көмектерін аямаған бас редакторлар Қабдол Кенжалиев, Төлеубай Ысқақов, Ізни Нұрқасымов, Жолдығали Бақытов, Лес Жолдиев, қаламы қарымды журналист Жолдас Жанқуатов, танымал фототілші Қайрош Қабдешевтердің ұрпақтарына мың алғыс. 
Иә, әр нәрсенің түйіні болатыны мерейлі тойдың 70 жылдығын салтанатты түрде атап өтіп, қорытынды жасайтын да кез келіп жетті.

Сондықтан өткен аптаның жұмасы күні «Қызылқоға» - аудан айнасы» атты салтанатты шара өткізіліп, оған "Қызылқоға" газетінен қанатын қатайтып, еліміздің түкпір-түкпірінде қызмет етіп жүрген қаламгерлер, ардагер журналистер, баспахана қызметкерлері, өмірден өткен бас редакторлар мен тілшілердің ұрпақтары арнайы шақырылды.  Шара барысында, келген қонақтарға аталмыш аудандық музейдің ұйымдастыруымен көрме көрсетілді. Бұдан салтанатты шара басталып, алдымен газеттің 70 жылдық тарихынан сыр шертетін бейнеролик көрсетілді. Одан соң сахна төріне көтерілген  Атырау облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлнұр Сүйеуова жеті ондықтың белесіне көтерілген басылымда қызмет еткен ардагер журналистер мен баспахана қызметкерлерін, бүгінгі еңбек етіп жатқан тілшілерді шын жүректен құттықтап, облыс әкімі  Серік Шапкеновтың құттықтау хатын қазіргі бас редактор Бауыржан Сисеновке табыстады. Бұған қоса, ол байырғы баспахана қызметкері Ерсайын Қайырова мен жарнама менеджері Нұрмағанбет Аманжоловты  облыстық мәслихат төрағасы М.Хайруллиевтің Алғыс хатымен  марапаттады. 
   Арнайы құттықтау және марапаттау үшін сахна төріне көтерілген аудан әкімі Қанат Әзмұханов қазіргі "Қызылқоға" газетінің редакциясы жаңа жылдан бастап жаңа ғимаратқа көшеді деген жаңалығымен бөліскенде залдың іші қуаныштан жарылып кете жаздады. Оның да өзіндік себебі бар. Өйткені, бұл көптен көтеріліп, шешімін табуды күтіп жүрген мәселе еді. 
Аудан басшысы осындай қуанышты хабармен бірге  барша газет қызметкерлері мен ардагерлерді мерейлі мерекемен құттықтап, еңбек жолын "Қызылқоға" газетінен бастап, ұзақ жыл республикалық "Ақ босаға" газетінің бас редакторы болған, Алматы қаласынан арнайы келген Шолпан Ұғыбаева, ардагер журналист Мағрупа Қазихан, тілшілер Бауыржан Бердіғалиев, Дулат Ғұбайдуллин, бет құрушы Әдемі Қабдоловаларға Алғыс хат табыс етіп, редакция ұжымына тамақ ысытатын пеш тарту етті. 
Сонымен қатар, "Қызылқоға" газетін Атырау облыстық Ардагерлер кеңесінің шешімімен «Даңқ» орденінің толық кавалері Шүкір Еркіновтің есімін қастерлеу үшін бекітілген «Қас Батыр» медалімен ұлықтады.  
Сол  сияқты сахна төрінде ізгі тілегін арнаған «Атырау-Ақпарат» медиахолдингінің директоры Жасын Біркенов газет ардагерлері Табылды Айсағалиев, Әлима Бишекина, Шолпан Сұлтанғалиева, Нұрлықыз Беркенова, Сайлау  Жайлыбаева, газет жанашыры Айбек Сайлауұлын өз атынан Алғыс хатпен мадақтаса, еңбек жолын аталмыш газеттен бастаған елімізге белгілі журналист, мерейлі мерекеге орай Алматы қаласынан арнайы келген Құралай Бисенбаева мен газеттің қазіргі бас редакторы Бауыржан Сисеновтің кеуделеріне  Қазақстан Журналистер Одағының «Қазақ журналистикасының қайраткері» медалін жарқырата тақты.

Сондай-ақ, құттықтау тілегін арнаған аудандық мәслихат төрағасы Толқын Бейсқали аудандық газеттің байырғы қызметкерлері Зайдолла Ибатов, Жайғали Өтеуғали, Бақытжан Нұрқасымовтарды Алғыс хатпен мадақтады. 
Бұдан кейін кезек "Қызылқоға" газетінің 70 жылдығы аясында, өткізілген түрлі байқау мен мүшәйраның жеңімпаз-жүлдегерлерін марапаттау рәсіміне берілді. Бұл ретте, қазылар алқасының төрағалары мен жүлде тағайындалған редакторлар мен фототілшінің ұрпақтары сахна төріне шақырылды. Алдымен газет жанрларын насихаттауға арналған «Қаламгер сыйлығы»  атты байқауда Төлеубай Ысқақов атындағы  сыйлыққа ие болған  «Серпер» газетінің бас редакторы Айнагүл Шакупова,  «Мақат тынысы» газетінің бас редакторы Мөлдір Ізтұрғанова, жас журналист Айсәуле Ардаққызы,  Әйгерім Байдәулеттердің әр қайсысы ұрпақтарының демеуші болуымен елу мың теңгеге  ие болса, ақын, журналист, публицист  Жолдығали Бақытов атындағы облыстық жас ақындар  мүшәйрасында бас жүлдені жамбылдық Ерасыл Аманғали (байрағы 100 мың теңге), І орынды Нұрсәуле Жауынбаева (75 мың теңге), ІІ орынды Гүлайым Жұмаш (50 мың теңге), ІІІ орынды Айтгүл Еңсеген (25 мың теңге)  иеленді. Ал, танымал фототілші Қайрош Қабдешов атындағы фотосуретшілер байқауында  Сымбат Ғазим (байрағы 90 мың теңге)  бас жүлдені иемденсе, Нұрислам Құспанғали (70 мың теңге) І орынды, Айболат Төремұратов (60 мың теңге) ІІ орынды, Әсия Телманова (40 мың теңге)  ІІІ орынды, Аида Руслан  мен Мейірлан Нұрмағамбетұлы (әрқайсысы 20 мың теңгеден)  алғыс хатпен марапатталды. 
   Салтанатты шара аудан өнерпаздарының мың бұралған би, тамылжыта шырқалған әсем әндерімен көркемделіп, көрермендер көңілі бір серпіліп қалды. Тағылымы мол шараның куәсі болған көрермендер жүздері балбұл жанған кейіпте аса бір ризашылықпен үйлеріне тарқасса, мерейлі мерекенің құрметті қонақтарына "Ақ сайын" мейрамханасына аудан әкімінің қонақ асысы берілді.

Онда жыл бойы газеттің 70 жылдығы аясында өткізілген шараларға белсене атсалысқан аудан басшылары мен газет, баспахана ардагерлері, өмірден өткен бас редакторлар мен тілшілердің ұрпақтары, газеттің бүгінгі қызметкерлері "Қызылқоға" газетіне - 70 жыл" медалімен марапатталса, алыстан арнайы келген қос журналист Құралай Бисенбаева мен Шолпан Ұғыбаеваға аудан тұрғындары атынан қазақы дәстүрмен камзол  кигізілді. Сөйтіп, жетпіс жылдық жарқын жүздесу керемет әсер сыйлап, рухани кешке сусындаған қонақтар мәз-мейрам кейіпте үйлеріне тарқасты. 

Нұрсәуле СҮЛЕЙМЕН

Суреттерді түсірген Б.Бердіғалиев

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT