Жақында аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Жарас Есенғалиевтің төрағалығымен кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі аудандық комиссияның отырысы өтті.
Онда күн тәртібіне орай аудандық білім бөлімі мен аудандық аурухана басшыларының кәмелетке толмағандар арасындағы суицид фактілерінің алдын алу, суицидке ұмтылған балаларды өмірге қайта бейімдеу және оңалту бағытында атқарған жұмыстары тыңдалды. Аудандық білім бөлімінің басшысы Өтепберген Әділовтің баяндауынша, аудандағы барлық білім беру ұйымдары «Қызылжар Абай орта мектебі» қоғамдық қорымен бірлескен кәмелет жасқа толмағандар арасындағы суицидтің алдын алуға арналған бағдарлама бойынша жұмыстар жүргізілуде. Орта мектептердегі 8-11-сыныптарын «www.zhastar.org.kz» сайтына тіркетіп, қазан-қараша айларында аталмыш сайт арқылы қашықтан сауалнама жүргізілуде. Сауалнама нәтижесімен психологиялық қолдау тобына шыққан оқушылар анықталған жағдайда жартылай құрылымдық сұхбатқа онлайн түрінде шақыртылып, бақылауға алынады.
Жасөспірімдер арасында өз-өзіне қол жұмсауды болдырмау және алдын алу, олардың өмірге деген құштарлығын арттыру мақсатында «Мен бәрін жеңем», «Өмір, сен қымбатсың», «Өмір мен сені сүйемін», «Денсаулық және өмірлік дағдылары» тақырыптарында бейнебаян, эсселер әлеміне көрме, тренинг ұйымдастырылып, 5-11 сынып оқушыларының ата-аналары арасында балалардың психологиялық денсаулық мәселелері бойынша ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Соңғы үш жылда жасөспірімдер арасында өз-өзіне қол жұмсау фактілері анықталған жоқ. Ал, аудандық орталық аурухананың директоры Самат Тайшыбайдың мәлімдеуінше, аудандық ауруханада профилактика және психоәлеуметтік бөлім жұмыс жасайды. Жыл басынан бері салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының мамандары, емхана психологі жасөспірімдер арасында «Жауапты және қауіпсіз мінез-құлық», «Өмір өмір сүру үшін беріледі», «Стресстің алдын алу» тақырыбында сынып сағаты, тренингтер өткізіліп, өткен жылы 8-11-сынып оқушылары арасында суицид бойынша сауалнама жүргізілді. Сауалнама нәтижесімен суицидке бейімділігі анықталған 11 оқушы мектеп психологтарымен бірге дәрігерге қаралды. Комиссия отырысының соңында хабарлама бойынша сұрақтар қойылып, аудан әкімінің орынбасары Жарас Есенғалиев «Сенім жәшіктері», «Сенім телефондары» бойынша ата-аналар арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізудің маңыздылығын атап өтті.
Бауыржан САҚТАСИНОВ