Аудандық орталық кітапханада қазақ поэзиясының Хантәңірі, жыр әлемінің мәңгілік жарық жұлдызы Мұқағали Мақатаевтың 95 жыл толуына орай «Қазақ поэзиясының жарық жұлдызы» атты тағылымды жыр кеші өтті.
Жыр кеші ақынның көктем мен жаңаруды, елдің бірлігі мен тіршіліктің қайта түлеуін жырлаған «Наурыз» өлеңімен ашылды. Бұл туындыны «Арман» мәдениет үйінің әншісі Зәуре Жұмағалиева әсерлі орындап, кешке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Одан кейін Мұқағали Мақатаевтың өмір жолы мен шығармашылық тағдыры кеңінен баяндалды. Бұдан соң Тұрдықылыш Ізтаевтың әні, Ханбибі Есенқарақызының сөзіне жазылған «Нурикамал» әнін «Арман» мәдениет үйінің әншісі Қалым Марс орындап, кештің мазмұнын тереңдете түсті. Шара барысында, ақынның жүрекке жетер жырларын оқушылар мәнерлеп, жатқа оқылса, кітапхана библиографы Гүлзада Мәулекенова «Жыр әлемінің жарық жұлдызы» атты кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасады. Көрмеге ақынның жыр жинақтары, поэмалары, күнделіктері мен ол туралы жазылған зерттеу еңбектер қойылды. Қорытынды сөз сөйлеген кітапхана директорының міндетін атқарушы Гүлжамал Жолдасқалиқызы жыр кешіне белсене қатысқан оқушыларға, мұғалімдер мен өнерпаздарға алғысын білдірді.
Майра ӨТЕЖАНОВА,
аудандық орталықтандырылған кітапхананың бөлім меңгерушісі




