Атырау қаласында дзюдодан 2011-2012 жылы туған кіші жасөспірімдер арасында облыстық чемпионат өтті. Оған барлығы 23 спорт мектебінен барлығы 300-ге жуық балуан қатысты.
Бұл сында аудан намысын қорғаған жас балуандар намысты қолдан бермеді. Атап айтқанда, Қызылқоға балалар мен жасөспірімдер мектебіне қарасты Көздіғара ауылдық филиалының жас балуаны Сағадат Маризат 66 келіде қарсылас шақ келтірмесе, +73 келіде миялылық Бернар Ерболат та командаласының жеңісті жолын жалғап, бірінші орынды жеңіп алды. Сол сияқты тағы бір миялылық балуан Мадияр Асқар екінші орынға ие болды. Бұл үш балуан енді Қарағанды қаласында өтетін ел біріншілігінде облыс намысын қорғайтын болады. Бұл жас балуандарды аталмыш жарысқа дайындаған жаттықтырушылар Жарасхан Ізімқұлов, Роман Майлашов, Бүркіт Орынбасаровтардың еңбегі зор.
Аталмыш додада Сәлімгерей Нұрболғановтан тәлім алатын Сағыз балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірттері арасынан Аружан Жұмағазықызы бірінші орынға ие болса, Айсана Жұмағали рейтингісінің жоғары болуына байланысты ел чемпионатына тікелей жолдама алды. Сондай-ақ, Бекұлан Бейбітұлы бұл додада үшінші орынға қол жеткізді. Ол жолдамаға қол жетпегімен өзінің жарқын күресімен болашағынан зор үміт күттірер балуан екендігін дәлелдеді. Ендеше, ел біріншілінде бақ сынайтын бес балуанға сәттілік тілейміз.
Дулат БЕРІКҰЛЫ




