Елімізде Конституцияның жаңа жобасы жасақталып, Мемлекет басшысының Жарлығымен 15 наурыз республикалық референдум болып жарияланғаны белгілі. Соған орай еліміздің саяси партиялары бірігіп, жалпыұлттық «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін» коалициясын құрып, Конституцияның жаңа жобасын түсіндіріп, насихаттау мақсатында аталмыш коалиция мүшелері өңірлерді аралауда.
Бұл ретте, ауданға республикалық коалиция мүшесі, мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғанов арнайы ат басын бұрып, Тасшағыл, Көздіғара, Жангелдин ауылдық округі тұрғындармен кездесті. Кездесуге сонымен бірге аудан әкімінің орынбасары Жарас Есенғалиев, аумақтық коалиция мүшелері Толқын Бейсқали, Альберт Аққайнанов, Ризабек Амантайлар қатысты. Алдымен Тасшағыл ауылына табан тіреген мәжіліс депутаты М. Өтемісұлы атындағы мәдениет үйінде тұрғындармен кездесіп, Конституцияға енгізіліп жатқан өзгерістер мен толықтыруларды атап өтті.
– Баршаңызға белгілі биыл Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституциялық реформа жасау мәселесін көтерді. Содан кейін арнайы комиссия құрылып, еліміздің Конституциясының жаңа жобасы жасақталды. Жаңа деп тұрған себебіміз – онда қазіргі қолданыстағы Ата Заңның 77 пайызы өзгеріске ұшырап отыр. Себебі, заман талабы солай. 1995 жылы қабылданған Конституция өз деңгейінде міндетін атқарды. Ендігі міндет – жаңа Конституция арқылы елімізді одан әрі дамыта түсу. Осы ретте, баршаңызды 15 наурыз күні өтетін республикалық референдумға қатысуға шақырамын, - деді.
Өз кезегінде жергілікті тұрғындар сөз сөйлеп, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Дулат БЕРІКҰЛЫ




