Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript.

Жаңғыру мен жауапкершілік жолы

Былтыр Махамбет ауданында әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі бағыттары бойынша тұрақты өсімге қол жетіп, бірнеше ірі инфрақұрылымдық және әлеуметтік жоба сәтті жүзеге асты.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен жыл қорытындысына арналған брифингте аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаев экономикалық өсімді әлеуметтік тұрақтылықпен ұштастыруды басты мақсат ретінде атап өтті.

Баспасөз мәслихатында белгілі болғандай, ауданда бір жарым мыңнан астам кәсіпкерлік субъекті белсенді жұмыс жасап тұр. Мыңдаған адам шағын және орта бизнес саласында еңбек етеді. Соңғы уақытта бірнеше жаңа нысан іске қосылып, «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы ондаған кәсіпкер жеңілдетілген несиеге қол жеткізген.

Аудан әкімі индустрияландыру картасына енгізілген жобалардың бірі толық аяқталып, жұмысын бастағанын атап көрсетті. Электронды аукцион арқылы кәсіпкерлік мақсаттағы жер телімдері сатылып, бюджет кірісі де артқан.

Сан емес, сапа керек

Аудан аумағында республикалық, облыстық және аудандық маңыздағы жолдардың басым бөлігі жақсы жағдайда. Былтыр бірнеше ауылішілік көше күрделі жөндеуден өтіп, асфальт жабындысы төселген. Кейбір жобалар кезең-кезеңімен жалғасып жатыр.

– Қазір аудан бойынша 123 шақырым республикалық, 81,4 шақырым облыстық, 260 шақырым аудандық маңыздағы автомобиль жолы бар. Республикалық маңыздағы жол түгелдей, облыстық және аудандық жолдардың 95,9 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. Бүгінде ауданда жол жөндеу және жаңарту бағытында біршама жұмыс жүруде, — деді аудан басшысы.

Махамбет, Ақтоғай, Талдыкөл, Жалғансай, Таңдай, Алға, Сарайшық, Ақтоғай және Ортақшыл ауылдарындағы көлік жолына күрделі жөндеу жасалып жатыр. Бұл шаралар жол сапасын арттырып қана қоймай, тұрғындардың қатынау мүмкіндігін жақсартуға бағытталып отыр.

Ауыл шаруашылығының өнімі көбейді

Аудан экономикасының негізгі тірегі саналатын аграрлық сектор былтыр айтарлықтай серпін алған. Егін егіп, төрт түлік өсіруде жақсы нәтижеге қол жеткізген өңір азық-түлік қауіпсіздігін нығайтумен шектелмей, жергілікті халықтың әл-ауқатын арттыруға да оң әсерін тигізді.

70-тен астам шаруа қожалығы мен жеке сектор өкілдері жалпы көлемі 5000 гектардан астам алқапқа егін еккен. Оның 200 гектардан астамына картоп тұқымы отырғызылып, 1 мың гектардан аса алқапқа көкөніс дақылдары егілген. 500 гектардан астам жерге бақша өнімдері, 3000 гектардан астам аумаққа малазықтық дақылдар өсірілген. Бұл – ауданның ішкі сұранысын қамтамасыз етумен қатар, артық өнімді нарыққа шығаруға мүмкіндік беретін ауқымды көрсеткіш.

Қайрат Есқабылұлы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесу барысында жиналған өнім көлемі көңіл қуантарлық екенін атап өтті. Оның айтуынша, мыңдаған тонна картоп пен көкөніс, бақша өнімдері мен мал азығы өндіріліп, ауданның азық-түлік қауіпсіздігіне берік негіз қаланған. Өнімділіктің артуы шаруалардың тәжірибесі мен еңбегінің нәтижесі ғана емес, мемлекеттік қолдау шараларының да тиімділігін көрсетеді.

3000-ға жуық адам жұмыс іздеген

Жыл ішінде аудан бойынша 3000-ға жуық адам жұмыспен қамту мәселесі бойынша тиісті құрылымдарға жүгініпті. Алайда бұл көрсеткіш тұрақты жұмыссыздар санын білдірмейді. Өйткені олардың басым бөлігі мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылып, еңбек нарығына қайта қосылуға мүмкіндік алған.

«Жастар тәжірибесі», «Күміс жас», қоғамдық жұмыстар және «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламалары аясында жүздеген азамат еңбекке араласып, бірқатары тұрақты жұмысқа орналасқан. Бұл бағдарламалар әсіресе жастар мен зейнет жасына жақындаған азаматтарға нақты қолдау болып, олардың кәсіби бейімделуіне жол ашты.

Нақтылап айтқанда, 185 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқытылып, өз ісін бастауға бағыт-бағдар алды. Оның 20-сына 400 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қайтарымсыз грант беріліп, шағын бизнес бастауға нақты мүмкіндік жасалған. Бұл қадамдар тұрғындардың кәсіпкерлік белсенділігін арттырып, жаңа жұмыс орындарын құруына ықпал етіп отыр.

Аудан әкімінің мәліметінше, қазір ауданда ресми тіркелген жұмыссыздар саны – 672 адам. Әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтар да назардан тыс қалмаған. Жүзге жуық отбасының 519 мүшесіне атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, олардың 100-ден астам баласына қосымша төлемдер төленген.

Жұмыспен қамту саласындағы шаралар тек жұмыссыздық деңгейін төмендетуді ғана емес, тұрғындардың табысын арттырып, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі саясаттың нәтижесін көрсетеді.

Аудандағы бірегей жоба

Денсаулық сақтау саласын дамыту бағытында ауданда жүйелі жұмыс та бар екен. Аудандық аурухана мен емхана біртіндеп заманауи жабдықтармен қамтамасыз етіліп, материалдық-техникалық база нығайтылған. Дәрігерлер саны біртіндеп артып, жас мамандарды тарту мақсатында қызметтік тұрғын үйлер берілген. Жылжымалы медициналық кешен шалғай ауылдарды тұрақты түрде аралап, тұрғындарға алғашқы медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етіп отыр.

Туу көрсеткіші сәл төмендегенімен, ана өлімі тіркелмеуі сала мамандарының нәтижелі жұмысын көрсетеді. Туберкулезбен сырқаттану деңгейі азайып, қатерлі ісік пен жүрек-қан тамырлары аурулары бойынша жағдай тұрақты бақылауда.

Саланың ең маңызды жаңалықтарының бірі – ауданда бүйрек жеткіліксіздігімен ауыратын науқастар үшін гемодиализ орталығын ашу бағытында нақты қадамдар жасалған. Қазір қажетті медициналық жабдықтар сатып алынып, арнайы су тазарту жүйесі орнатылып жатыр.

Қайрат Нұрлыбаевтың айтуынша, бүгінде ауданда бүйрек жеткіліксіздігі диагнозымен «Д» есепте тұрған 12 науқас бар.

Гемодиализ орталығының ашылуы – аудан тұрғындары үшін әлеуметтік маңызы зор жоба. Ең бастысы, орталық іске қосылған соң науқастар облыс орталығына сабылмай, ем-домды жергілікті жерде қабылдай алады.

Үй құрылысы  қашан бітеді?

Биыл құрылыс маусымындағы аудан үшін ең маңызды жаңалықтың бірі – жаңа шағынаудандарды толыққанды инженерлік желімен қамту жұмыстарының аяқталуы. Әсіресе Махамбет ауылындағы «Мерей» шағынауданы мен Жалғансай ауылында электр желілерінің тартылуы көптен күткен мәселенің шешімін тапқанын білдіреді.

Алға және Бейбарыс ауылдарындағы жаңа шағынаудандарға электр, газ және су желілерін тарту жұмыстары да мәресіне жақындаған. Инженерлік инфрақұрылымның 98 пайызы орындалып, нысандарды іске қосу кезеңіне өткен. Мұндай кешенді жұмыстар ауылдардың аумағын кеңейтіп қана қоймай, тұрғындардың тұрмыс сапасын жүйелі түрде жақсартуға негіз болары сөзсіз.

Аудан орталығындағы 60 пәтерлік үй құрылысының аяқталуға жақындауы да назар аударарлық. Инженерлік желілер тартылып, ауласы абаттандырылып, асфальттың алғашқы қабаты төселді. Қалған жұмыс келісім-шартқа сәйкес осы жылдың наурыз айында тәмамдалмақ.

Бұдан бөлек, Жайық өзенінің жағалауын бекіту жобалары стратегиялық маңызға ие. Махамбет ауылында 4,5 шақырымды қамтитын жағалау нығайту жұмыстары жүргізіліп, төсемтас төсеп, қоршау орнату, жарықтандыру және балалар алаңдарын салу қатар жүріп жатыр. Талдыкөлдегі 1,74 шақырым жағалауды бекіту құрылысы басталғанымен, мұның ұзақ мерзімді жоба екенін ескерген жөн. Ал Сарайшық, Сарытоғай, Есбол ауылдарында жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, сараптамадан өтуде.

Болашаққа салынған инвестиция

Ауданда 15 мектеп, 16 балабақша жұмыс істеп тұр. Мектепке дейінгі тәрбиемен қамту көрсеткіші жоғары деңгейде. Мыңдаған оқушы білім алуда. Ұлттық бірыңғай тестілеуден аудан түлектері жақсы нәтиже көрсетіп келеді.

– Өткен оқу жылының қорытындысымен білім сапасы 61,2 пайызды құрады. Ауданның білім беру мекемелерінде мыңнан астам педагог жұмыс істейді. Осы оқу жылында 50 педагог жұмысқа орналасты. Енді 22 педагогке сұраныс бар, бос тұрған жұмыс орындарында зейнеткерлер мен қосалқы қызметкерлер жұмыс жасап жүр. Биыл реновация жұмыстары 6 мектепке жоспарланса, «Балақай», «Жасдәурен», «Балдырған» бөбекжай-бақшалары күрделі жөндеуден өтеді, — деді Қ.Нұрлыбаев.

Махамбет ауданы үшін өткен жыл бірқатар маңызды жобалардың жүзеге асуымен есте қалды. Әр салада өсім бар. Дегенмен шешімін күткен мәселелер де жоқ емес. Суару жүйелерін толық қалпына келтіру, кейбір әлеуметтік нысандарды жаңғырту, жұмыссыздықты азайту, жол сапасын біркелкі деңгейге жеткізу – алдағы күннің нақты міндеттері қатарында.

Мәлике ҚУАНЫШЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT