Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript.

Жарқын жолды жабатын жасырын қауіп

Бүгінгі қоғамның алдындағы басты міндеттің бірі есірткіге қарсы күрес болып отыр. Әсіресе, жас буынның санасын улайтын зиянды әдеттердің алдын-алу ұлт болашағын сақтаумен пара-пар. Осы бағыттағы түсіндіру жұмыстары Атырау қаласында жүйелі түрде жалғасып келеді.

6291dceb ef7f 424f b76a e10858a130d3

Кезекті тағылымды кездесу Атырау облысы полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының ұйымдастыруымен өтті. Жастармен жүздесуге Есірткі құқықбұзушылығының профилактикасы жөніндегі кеңес мүшесі, «Жаңғыру» оңалту орталығының директоры Асқар Ізбасаров пен консультант-аддиктолог Аслан Мұсағалиев қатысып, Саламат Мұқашев атындағы Атырау политехникалық колледжі студенттерімен ашық әңгіме өрбітті.
Кездесу барысында болашақ мұнай-газ саласының мамандарына есірткінің адам денсаулығына ғана емес, оның тағдырына, отбасы мен қоғам алдындағы жауапкершілігіне тигізетін кері әсері жан-жақты түсіндірілді. Мамандар зиянды әдеттің бір сәттік қызығушылықтан басталып, орны толмас өкінішке ұласатынын нақты деректер мен өмірлік мысалдар арқылы жеткізді. Сонымен қатар есірткіге қатысты құқықбұзушылықтар үшін көзделген қылмыстық жауапкершілік пен оның салдары кеңінен талқыланып, заң талаптарын сақтаудың маңызы айқындалды.
Іс-шараның тәжірибелік бөлімінде Кинологиялық қызмет орталығының кинолог-инспекторы қызметтік иттердің көмегімен жасырылған есірткі заттарын қалай іздеп табатынын көрсетті. Арнайы дайындықтан өткен иттердің қырағылығы мен жедел әрекеті студенттердің ерекше қызығушылығын тудырып, құқық қорғау қызметінің күрделілігі мен жауапкершілігін терең сезіндірді.
Мұндай мазмұнды кездесу жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, олардың өмірлік ұстанымын қалыптастыруға ықпал ететіні белгілі. Себебі зиянды әдеттен бойды аулақ ұстау әр адамның өз тағдырына деген жауапкершілігі болса керек.
Салауатты өмір салтын орнықтыру қоғам қауіпсіздігінің берік іргетасы. Ал саналы, тәртіпті жас буын ел ертеңінің ең сенімді кепілі.

Майра ЕРҒАЛИ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT