Бүгін төтенше жағдайлардың алдын алу және жою бойынша іс-қимылдарға азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесін одан әрі жетілдіру, сондай-ақ азаматтық қорғаудың басқару органдары, күштері мен құралдарын қысқы кезеңдегі төтенше жағдайларға ден қоюға дайындау мақсатында республикалық «Қыс-2023» командалық-штабтық оқу-жаттығу жиыны өтті.
Онда алдымен азаматтық қорғау қызметтерінің (өртке қарсы, қоғамдық тәртіпті сақтау, медициналық, ақпарат және байланыс, радиацияға қарсы, химиялық және биологиялық қорғау, материалдық-техникалық қамтамасыз ету, өсімдіктерді және жануарлар әлемін қорғау, коммуналдық қызметтері) саптық дайындығы тексерілді.
Азаматтық қорғау қызметтері, шұғыл әрекет ету және ерікті өрт сөндіру жасақтарын аралаған аудан әкімі Қанат Әзмұхановқа әр қызмет басшылары өз қызмет тобының құрамдарын, неше техникалары бар екенін, төтенше жағдай кезінде атқаратын жұмыстарын баяндады. Саптық дайындыққа 75 жеке құрам, 28 техника қатысты.
Сондай-ақ, оқу-жаттығу кезінде боранның салдарынан қар құрсауында қалған автокөліктердің ішіндегі зардап шеккен адамдар құтқарылып, қауіпсіз жерге орналастырылды. Ал, тұрғын үйлердің бірінде тұрмыстық газ баллоны жарылғаны туралы дабыл түскеннен кейін оқиға болған жерге келген коммуналдық қызметке қарасты электрмен қамту мекемесінің қызметкерлері тұрғын үйді ток көзінен ажыратса, газ шаруашылығы мекемесінің қызметкерлері газ желісін жауып, өртке қарсы қызмет мүшелері үйдегі адамдарды құтқарды. Оларға алғашқы медициналық көмек көрсетілген соң аудандық ауруханаға жөнелтілді. Осылайша, оқу-жаттығу барысында тосыннан келетін төтенше жағдайлардың алдын алу бағытындағы жұмыстар пысықталды.
Бауыржан ОҚАСҰЛЫ