Бүгін “Арман” мәдениет үйінде қаржы саласының ардагерлері және сала қызметкерлері мерекесіне арналған салтанатты жиналыс болып өтті.
Онда алдымен лед экран арқылы осыдан 30 жыл бұрын тәуелсіз елімізде тұңғыш валюта - теңге айналымға енгізіліп, болашаққа батыл қадам жасалғандығы туралы бейне баян көрсетілді. Шараны ашқан, аудан әкімі Қанат Әзмұханов:
- Теңге - еліміздің Елтаңбасы, Әнұраны, Туы секілді аса бағалы, ерекше құнды елдік нышандардың бірі. Ұлттық валютаны ұлықтау елдігімізді ұлықтаумен пара-пар. Ендеше, баршаңызды Ұлттық валюта - теңге күнімен және қаржы жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз!, - деді. Одан соң, бір топ сала маманы аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ, мереке қарсаңында мемлекеттік қызмет және қаржы саласы қызметкерлері арасындағы спорттық іс-шарада командалық есеп бойынша ІІ орын алған қаржы қызметкерлерінен құралған ауданның құрама командасы да зор қошеметке ие болып, аудан басшысы топ жарған қаржыгерлерді сахна төрінде арнайы құттықтады.
Одан соң, сахнаға көтерілген аудандық мәслихат депутаты Алтынзер Баймұратова бір топ қаржыгерді аудандық мәслихат төрағасының алғыс хатымен марапаттаса, қаржы саласының ардагері Мақсот Мұқанов барша қаржы саласының мамандарын төл мерекелерімен құттықтап, ақжарма тілегін жолдады.
Шара соңы, аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.
Ендеше, ұлттық валюта егемендіктің символына айналып, тәуелсіздігіміздің тұғыры нығая берсін!
Нұрсәуле ЖАУЫНБАЕВА