Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Теміржолшы ана

 Әлбетте, темірдей тәртіпті теміржол саласында еселі еңбек етіп келе жатқан әйел-аналар жетерлік. Солардың бірі – Ақзира Жакупова Сәрсенқызы.

Ол 1963 жылы Сағыз ауылында дүниеге келіп, орта мектепті аяқтаған соң 1979 жылы Алматы теміржол институтының Ақтөбе қаласындағы филиалына оқуға түседі. Жоғары оқу орнын 1984 жылы Алматы қаласынан бітіріп қолына дипломын алған ол жол қатынасының инженері мамандығын алып шығады. Кейіпкеріміздің бұл саланы таңдауына ата-анасының ұзақ жылдар темір жол саласында еңбек етуі түрткі болады. Әкесі Сәрсен ұзақ жыл мыңдаған теміржолшыларды түлеп ұшырған қазіргі №9 орта мектебін басқарса, анасы Талшын «ҚТЖ-Жүк тасымалдары» ЖШС Атырау қаласына қарасты Сағыз станса бөлімшесіне есепші болады.

Алғаш еңбек жолын Атырау қаласындағы қазіргі «Ақжайық» стансасында жүк кассирі болып бастаған Ақзира аз ғана уақыттың ішінде жұмысқа деген жауапкершілігі, тиянақтылығымен көзге түсіп аға кассир дәрежесіне дейін көтеріледі. Бір жылдан кейін туған ауылына келіп, Сағыз стансасында еңбек етеді. Кейін тұрмыс құруына байланысты басқа салаға ауысады. Ұзақ жылғы үзілістен кейін 2005 жылы аталмыш мекемеге жұмысқа орналасып, оператор болса, 11 жыл жүк қабылдап тапсырушы болып жұмыс жасайды. Қазіргі таңда жүк кассирі.

– Темір жол саласында еңбек етіп келе жатқаныма он бес жылдан асты. Әр саланың өз қиындығы болады. Әсіресе, темір жол саласы қиындығы көп, күрделі сала. Соған мойымай еңбек ету керек. Қыстың қарлы бораны мен жаздың ыстық күндерінде жұмыс екі есе болады. Күндіз-түні тынбай еңбек етеміз. Вагондарға тиелген әр жүкке жауапты боламыз. Оны діттеген жерге уақытынан кешіктірмей жеткізу, қауіпсіздігіне жауап беру біздің міндетіміз. Яғни, аманат арқалаймыз. Қазіргі таңда ұжымның басым бөлігі жастар. Оларға білгенімді үйретіп, тәжірибеммен бөлісемін. Ұжым өте ұйымшыл, - дейді кейіпкеріміз.

Бүгінде кейіпкеріміз өмірлік серігі Бержан Жакупов екеуі үш қыз, екі ұлды тәрбиелеп өсірген, олардан немере-жиен сүйіп отырған ата мен әже. Өмірлік жары мұнай саласында еңбек етеді. Балаларының барлығы жоғары білімді. Үлкен ұлы Құрманғазы теміржол саласында ана жолын жалғап жүрсе, кішісі Дәулеткерей Қ.Сәтпаев атындағы мемлекеттік университетінің студенті. Болашақ мұнайшы. Халқымызда «Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен» деген әдемі сөз бар. Бұл шындығында Ақзирадай теміржолшы аналарымызға арналып айтылған десе болғандай. Түзде вагонға тиелген жүкке жауапты болса, үйде отбасының ұйытқысына, ауызбіршілігіне жауапты.

Ендеше, Ақзирадай абзал аналарымыз аман болсын дейсің.

Гүлмира МАҚСОТ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT