Қашанда қиындығы мен қызығы қатар жүретін мыңдаған әйел адамдардың еңбек ететіні жасырын емес.
Бұл ретте, мұнайшы ару Арайлым Ержанованың шоқтығы биік. Ол 1978 жылы Мұқыр ауылында дүниеге келіп, Мұқыр орта мектебінен білім алады. Кейін Ақтөбе қаласындағы мұнай және газ политехникалық колледжін мұнай және газ кен орындарын игеру мамандығы бойынша тәмамдайды. Еңбек жолын 2000 жылы «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасында лаборант болып бастаған кейіпкеріміз қызметте түрлі баспалдақтардан өтіп, іргелі кәсіп орында тәжірибе жинақтап, мамандығының қыр-сырына қанығады. Берілген тапсырманы мұқият әрі жауапкершілікпен орындайтын тәжірибелі маман 2014 жылы «Кенбай» мұнай дайындау және айдау цехында техникалық қондырғылар операторы болып ауысады. Ол өндірістің техника қауіпсіздігі ережелерін, еңбекті және қоршаған ортаны қорғау бағытындағы нұсқаларды, қондырғылар мен жабдықтардың сұлба-сызбаларын жетік меңгерген. Еңбек ете жүріп оқудан қол үзбеген ол Атырау инженерлік-гуманитарлық институтынан сырттай жоғары білім алады.
Әркез, нысандардың тазалығы мен іс-қағаздарын тиянақты жүргізіп, дер кезінде қажет құжатты тауып беруді үйреншікті жұмысына айналдырған ол ұжымда жастарға үлгі болуымен қатар басқармада ұйымдастырылатын мәдени-спорттық шаралардан тыс қалмайды. Отбасының үлкені Арайлым өзінен кейінгі бауырларына қамқор болып, олардың жоғары білім алуына, аяқтан тұрып кетуіне өз үлесін қосады. Ата-анасының берген тәрбиесі, өмірден түйгені, алған білімі кейіпкерімізді әрдайым алға жетелеп келеді. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші кіші інісіне қолдау көрсетіп Мұқыр ауылынан «Әулет» азық-түлік дүкенін ашып, кәсіпкерлік саласында да бағыт-бағдар беріп жүр. Кейіпкеріміз мұнай саласында жиырма жылға жуық еңбек етіп келеді. Әріптестері әркез оның қайсарлығын үлгі тұтады. Еңбек еткен жылдарында «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының кәсіподақ ұйымы және «ЕмбіМұнайГаз» АҚ басшыларының алғыс хатымен марапатталып, мерейін үстем етті. Қашанда табиғатынан әдемілікке, нәзіктікке жаны құмар қыз-келіншектердің қай істе болмасын, әлеуеті жоғары.
Оған тақырыбымызға арқау болған мұнайшы арудың еселі еңбегі дәлел.
Гүлмира ТІЛЕГЕНОВА