Аудан мәдениетінің дамуына Көздіғара ауылдық округіне қарасты "Самал" мәдениет үйі ұзақ жылдар бойы сүбелі үлесін қосып келеді десек, сол мәдениет үйінде еселі еңбек етіп, көптеген спектакль де ойнап, халықтың шынайы ықыласына бөленген жандардың бірі - Роза Бердіғалиева.
Осыдан жетпіс жыл бұрын Ойыл ауылдық округінде дүниеге келген ол Орал қаласындағы ГПТУ - 29 училищесін бітірген соң ұзақ жыл киномеханик, автоклуб меңгерушісі, Көздіғара ауылдық округінің "Самал" мәдениет үйінде директор қызметін атқарып, абырой биігіне көтерілді. Күндіз - түні машақаты мол мәдениет саласының қара жұмысына жегіле жүріп, халықты өнермен сусындату жолында жанын сала жұмыс істеді. Тамылжыта ән салды, өзі көңілге көрікті ой салатын түрлі спектакльде ойнап, талай талантты жастардың жоғары биіктерден көруіне зор септігін тигізген ұстаз да болды. Бірнеше аудандық, облыстық байқаудың жүлдегері атанды. Сөйтіп, ауыл, аудан мәдениетінің дамуына зор үлес қосқан абзал ана ағайын арасында абыройлы келін болды. Екі ененің ризашылығына бөленген, бүгінде солардың ізгі жолын жалғаған, немере-жиен, шөбере сүйіп отырған ардақты да аяулы әже. Талай отбасылық шаралардың ұйытқысы болған көпбалалы ана келіндік қызметін адал атқарып, абысын-ажын мектебін өрісті етіп келеді. Қазіргі таңда, қайынсіңлі мен жеңге арасындағы сыйластықты арттырып, халқымыздың дәстүріне дақ түсірмей одан әрі жалғастырып келе жатқан сырлас жеңге. Осының бәрі өнегесі мол өрісті өнердің шыңына қанат қағып, жеті ондықтың белесіне қадам басқан абзал ананың жас ұрпаққа көрсеткен ұлағатты жолы екендігі сөзсіз. Ендеше, алдыңғы аға буынның тағылымы мол дәстүрін бойына сіңіріп, өзі өнегелі ісімен артынан ерген іні-қарындастарына үлгі бола білген Роза Бәйшеркешқызының мерейлі жасында қалай құрметтесек те керемет емес пе?! Ғибратты ғұмыр жалғасын таба бергей.
Бауыржан АМАНҰЛЫ




