Атырау облысы полиция департаментінде облыстағы 100-ге жуық күзет мекемелерінің басшылары және өкілдері кеңейтілген жиынға шақыртылды. Жиынға өңірдің бас полицейі полиция генерал-майоры Оңал Ботайұлы Бекеев пен облыс әкімінің орынбасары Дарын Дүйсенбайұлы Шамұратов қатысып, аймақтағы қауіпсіздік ахуалы мен күзет мекемелерінің жұмысын жетілдіру мәселелерін талқылады.
Жиын барысында өңір аумағындағы күзет ұйымдарының қызмет сапасы, лицензиялық талаптарды сақтау, қызметкерлердің кәсіби даярлығы, материалдық-техникалық жарақтандырылуы және заманауи қауіпсіздік құралдарын қолдану деңгейі сөз болды. Сонымен қатар білім беру ұйымдары, денсаулық сақтау мекемелері, мемлекеттік және әлеуметтік нысандар, сондай-ақ тұрғындар көп шоғырланатын сауда орталықтары мен ойын-сауық орындарындағы қауіпсіздікті күшейтуге ерекше назар аударылды.




