Бүгінгі күні ауданда күн тәртібінде тұрған ең өзекті мәселе – Ойыл өзенінің тартылуы. Бұл бағытта аудандық басылымда бірнеше рет жазылып, мәселелер де көтерілді.
Аудан әкімінің ұйымдастыруымен экспедиция құрылып, Ойыл және Қиыл өзендерінің бастауына барды. Өзеннің экологиялық апатты жағдайына алаңдаған аудан тұрғындары өзенді қалпына келтіру үшін облыс әкіміне, тиісті министрлікке хат та жолдады.
Өткен жылдың аяғында Парламент Мәжілісінің депутаты Дүйсенбай Тұрғановпен сайлауалды кездесу барысында өзеннің қазіргі экологиялық жағдайы туралы айтқан ауыл тұрғыны Есенбай Нұров:
– Ойыл өзенінің жағдайын назарыңыздан тыс қалдырмай, ондағы заңсыз бөгеттерді бұзуға, өзен арнасын тазалауға мүмкіндігінше көмек берсеңіз игі, - деген ұсынысын білдірген еді.
Кездесуде Ойыл өзенінен басқа облыстағы Жайық, Сағыз, Жем өзендері үнемі бақылауда болатындығын жеткізген депутат Дүйсенбай Тұрғанов таяуда Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар Маминге депутаттық сауал жолдады. Оның айтуынша, соңғы жылдары Қазақстанның 2 миллионнан астам халқы бар батыс өңірінің даму әлеуеті Жайық-Каспий бассейніндегі су тапшылығы кезеңінің созылып кетуіне байланысты айтарлықтай зардап шегіп отыр. Су тапшылығының салдарынан Батыс Қазақстан және Атырау облыстарындағы елді мекендерді сумен қамту проблемаларына әкеліп, шектеулі шабындықтар мен жайылымдардың шөлейттенуі байқалады, ауыл тұрғындары жем мен мал суару көздерінің болмауы себебінен үй малдарын сатуға мәжбүр.
– Жайық өзенімен қатар өңірдің Жем, Ойыл және Сағыз өзендерінде де өте аз ағын байқалады. Өз кезегінде, аталған өзендердің де өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында үлкен маңызы бар және үкіметтік органдар тарапынан оларды сақтап қалу шараларын қолға алуды қажет етеді. Осы айтылғандарды негізге ала отырып, Жайық-Каспий бассейнінде су шаруашылығы жағдайын жақсарту бойынша қабылданып жатқан нақты шаралар, оның ішінде шекаралас мемлекетпен бірлесе су тапшылығы мәселесін шешу бойынша қабылданған шаралар туралы толық ақпарат беруді, Ресей Федерациясынан көктем мезгілінде келетін судың көлемін көбейту мәселесін шешуді, жергілікті атқарушы органдарға заңсыз салынған су қоймалары мен бөгеттерді анықтау және өзендердің арналарын, каналдарды, өзен сағаларын салынды ағаштардан, қамыс-қоғалардан, өзге де қоқыстардан тазарту бағытында тиісті шаралар қабылдауды тапсыруды, Сағыз, Ойыл, Жем өзендерін сақтау бағдарламасын әзірлеуді ұсынамын, - деді Парламент Мәжілісінің депутаты Дүйсенбай Тұрғанов.
Сөйтіп, аудандық газет көтерген өзекті мәселені Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғанов Үкімет басшысына жеткізді. Енді аудан халқының біраз жылдан бері күрделеніп тұрған өзекті мәселесі өз деңгейінде шешіледі деген үміттеміз.
Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ