Спортты жанына серік етіп, әлемдік, халықаралық, республикалық жарыстарда топ жарып, көк байрағымызды асқақтатып жүрген ауданымыздың спортшылары көптеп саналады.
Ендеше, оларды қашанда ұлығылап, жас ұрпаққа үлгі етіп көрсету баршамыздың міндетіміз емес пе?! «Арман» мәдениет үйінде ұйымдастырылған «Спорт саласының үздіктері-2023» шарасында аудан спортшылары ұлықталып, құрметке бөленді Салтанатты шараға қатысушыларды құттықтаған аудан әкімі Қанат Әзмұханов:
– Мемлекеттің ең басты стратегиясының бірі – спорттың бұқаралық сипатын дамыту. Бұл ретте, ауданда біраз жұмыс атқарылды. Биыл бес округте спорт кешенінің құрылысы жүріп жатса, келесі жылы үш округте спорт кешенін салу жоспарда бар. Сонда ауданға қарасты барлық ауылдық округ толықтай спорт кешенімен қамтылады. Бұл спортшылардың жеңіске деген ынта-жігерін арттыратыны сөзсіз. Биыл аудан спортшыларының жеткен жетістіктерін біз мақтанышпен айта аламыз. Келер жылы жетер жетістігіміз, алар асуымыз одан да көп болсын! - деді.
Бұдан кейін аудан басшысы биыл Әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері Ришат Ғалиахметов (кір тасын көтеруден Әлем чемпионы), Бүркіт Орынбасаров (ардагерлер арасында дзюдодан Әлем чемпионатының күміс жүлдегері), Бекет Жүніс (қазақ күресінен Әлем кубогінің жеңімпазы), Нұрболат Ізімғалиев (қазақ күресінен Әлем кубогінің күміс жүлдегері), Ертарғын Қоңыр (джиу-джитсудан Әлем кубогінің жеңімпазы), Мейрам Мұрат (джиу-джитсудан Әлем кубогінің күміс жүлдегері), Нұрсәт Арманұлын (джиу-джитсудан Әлем кубогінің қола жүлдегері) және Азия чемпиондары мен жүлдегерлері Жандос Тілекбаев (самбо күресінен Азия чемпионатының қола жүлдегері), Ерсін Болат (сурдодзюдодан есту қабілеті зақымданған спортшылар арасында Азия чемпионатының жеңімпазы), Дамир Асылбек (дзюдодан Азия кубогінің қола жүлдегері), Ерхан Мұраттарды (дзюдодан Азия чемпионатының күміс жүлдегері) үздік спорттық нәтижеге қол жеткізіп, аудан абыройын асырған жоғары жетістіктері үшін аудан әкімінің Алғыс хатын табыс етті.
Сонымен қатар, жыл ішінде спортшыларды дайындап, олардың түрлі додаларда жақсы нәтиже көрсетуіне үлес қосқаны үшін жаттықтырушылар Серік Меңдешов, Ертай Ерғалиев, Жомарт Есетов, Айбол Ысқақов (барлығы да Қызылқоға балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы), Сәлімгерей Нұрболғанов, Еркін Тұрғанов, Аманжол Бекбаулиев (үшеуі де Сағыз балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы) және «Ұлан» балалар-жасөспірімдер спорт клубының жаттықтырушысы Ринад Қабдоловтар да аудан әкімінің Алғыс хатына ие болды. Сондай-ақ, волейболдан ерлер мен әйелдер арасында өткен аудандық «Қызылқоға лигасында» командалық есеп бойынша І орынды иеленген Қоныстану ауылы, Жангелдин ауылы (ІІ орын), «Мөлтек» командаларын (ІІІ орын) және Миялы ауылының жастары арасында өткен шағын футбол лигасынан І орынды иеленген «Тәуекел», «Қайрат» (ІІ орын), «Жеңіс» командаларын (ІІІ орын) аудан әкімі Қанат Әзмұханов дипломмен, кубокпен марапаттап, қаржылай сыйлық табыс етті. Салтанатты шарада аудандық мәслихат хатшысы Толқын Бейсқали, аудан әкімінің орынбасары Жарас Есенғалиев, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Жәния Ізбасқан және аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, спорт және дене шынықтыру бөлімі басшысының міндетін атқаруша Гауһар Құрманғазиевалар волейболдан ерлер мен әйелдер арасында өткен аудандық «Қызылқоға лигасының» үздіктері мен жеңімпаздарын, Миялы ауылының жастары арасында өткен шағын футбол лигасының үздіктері мен жеңімпаздарын, республикалық және облыстық жарыстардың чемпиондары мен жүлдегерлерін сахна төріне шақырып, Алғыс хат, диплом, арнайы статуэтка және медальдармен марапаттады.
Сөйтіп, елдің үміті мен тілегін арқалап, абыройын асқақтатып жүрген жас спортшыларымыз бен оларға үлгі болған спорт ардагерлері құрметке бөленді. Ендеше, спортшылармызға алға қарай да ел намысы үшін өтетін байрақты бәсекеде биіктен көріне берсін деген тілек білдіреміз.
Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ