Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында қала мен ауылды дамытудың берік негізі – шағын және орта бизнес деп атап өткен болатын.
Бұл ретте, Миялы ауылында «Gulim» маркеті ашылып, тұтынушыларды қабылдай бастады. Нысанның ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Жарас Есенғалиев:
– Жан-жақты көрсетіліп отырған мемлекет қолдаулары бүгінде еліміздегі кәсіпкерлік саласының дамып, оның қоғамдағы өз үлесін алуына бірден-бір мүмкіндік тудырып отыр. Қабылданған түрлі мемлекеттік бағдарламалар мен қолдаулардың арқасында кәсібін ашып, оның игілігін көріп жатқандар көп. Жаңа жыл қарсаңында жеке кәсіпкер Меруерт Нұрмағамбетованың ашып жатқан «Gulim» маркеті де соның айғағы. Ендеше, жаңа нысанның игілігін ауыл тұрғындары көруге жазсын, - деді.
Бұдан кейін сөз алған «Gulim» маркетінің иесі жеке кәсіпкер Меруерт Нұрмағамбетованың қызы Самаргүл Нұрмағамбетова қолдау көрсетіп жатқан азаматтарға шынайы алғысын білдірген соң алдағы уақытта наубайхананы іске қосу жоспары бар екендігін тілге тиек етіп, аз қамтылған 12 отбасына 15 мың теңгенің сертификатын табыс етті. Лента қию рәсімінен соң шашу шашылып, ауыл тұрғындары жаңа нысанның ішін аралап алғашқы саудаларын жасай бастады.
Бауыржан САҚТАСЫНОВ