Кеше аудандық мәслихаттың бөлім басшысы Гүлзада Ермұқамбетқызын ерекше құрметпен зейнеткерлікке шығарып салу үшін жиын өтті.
Жиынды, аудандық мәслихаттың төрағасы Толқын Бейсқали жүргізді. Шара барысында, алдымен сөз алған аудан әкімінің орынбасары Жарас Есенғалиев:
- Гүлзада Ермұқамбетқызы, өмірінің біраз жылын ауданды дамытуға арнады. Бала кезімізден қалай еңбек етіп келе жатқанын білеміз. Бүгінгі таңда бірге әріптес болып, бірнеше жыл қызмет жасадық. Мемлекеттік қызмет - қызығы мен қиындығы көп мамандық. Осындай қызметті адал атқарып, абыроймен зейнеткерлік жасқа шығып жатырсыз. Ауданға сіңірген еңбегіңіз үшін рахмет!-деген тілегін білдіріп, аудан әкімі Қанат Әзмұхановтың алғыс хатын табыстады.
Бұдан соң, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Жәния Ізбасқан мен аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Мақсот Мұқанов сөз сөйлеп, қызықты естеліктерімен бөлісіп, зейнеткерлік жасымен құттықтады.
Одан кейін, аудандық мәслихат төрағасы Толқын Бейсқали ыстық лебізін білдіріп, аудандық мәслихат депутаттары мен мәслихат қызметкерлері атынан құттықтау хатын табыстады.
Шара соңында, Гүлзада Ермұқамбетқызы:
- Мен бар өмірімді осы мемлекеттік қызметке арнадым. Әрине, әр саланың қиындығы болатыны сөзсіз. Алайда мен тынбай еңбек еттім. Кей кездері демалыс күндері де жұмыс жасайтынмын. Мүмкін осы еңбектенгенімнің арқасында болар сіздердің алдарыңызға шығып тұрғаным. Қанша жыл қызметте жүрсем де мінберге шығып көрмеппін. Өмір болғасын қуанышты күндерім мен қайғы жұтқан күндерім болды. Сондай сәттерде әріптестерім әрқашан жанымнан табылды. Сол үшін баршаңызға рахмет! Барша жас ұрпаққа абыройлы қызмет етіп, осылай ерекше құрмет көріп зейнеткерлікке шығуды тілеймін,-деген ақ жарма лебізін білдірді.
Ақнұр ДҮЙСЕНҒАЛИ