Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ҚАҺАРЛЫ ҚЫСТА ҚАРАКЕТ ҚАНДАЙ?

Күні кеше басталған қыстың екінші айы да аяқталып келеді. Желтоқсан айы қарсыз болғанымен қаңтар айының екінші онкүндігінде біраз қар жауып жер тегістей ақ көрпеге оранды. Ауыл ішінде білінбегенмен далалықта кәдімгідей боран тұрып, малшылар қауымына біраз қиындық туғызды. Бұл күндері жергілікті әкімшілік қыс қаһарын жеңу бағытындағы жұмыстарды ширата түсіп, қолда бар техникалармен ауылішілік автокөлік және жаяу жүргіншілер жолдарын уақытпен санаспай тазартты.

Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің мәліметіне сүйенсек, ауыл ішін қардан тазарту жұмыстарын әр округ мемлекеттік сатып алу порталына ашық конкурс жариялап, конкурстың жеңімпазы арқылы жүргізеді. Ал, облыстық маңызы бар «Сағыз-Миялы», «Миялы-Қарабау» тас жолын күтіп-баптау облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының құзырында.
Миялы ауылдық округінің әкімі Сәндібек Салықовтың айтуынша, округте ауылішілік автокөлік жолдары мен жаяу жүргіншілер жолын қардан тазарту жұмыстарын үш жыл бойы «Тазалық» ЖК атқарып келді. Өткен жылдың аяғында келісім шарттың мерзімі бітуіне байланысты қайтадан мемлекеттік сатып алу порталына ашық конкурс жарияланған болатын. Қазір құжат қабылдау аяқталды. Қорытынды қаңтар айының аяғында шығады. Жеңімпаз мекеме қыс кезінде жолдарды қардан тазартса, жаз мезгілінде ауылішіне тазалық жұмыстарын жүргізіп, бүлінген жол белгілерін қалыпқа келтіреді. 
Ал, Сағыз ауылдық округінің әкімі Өтепберген Әділовтің мәліметіне сүйенсек, қыс мезгілінде Сағыз ауылындағы автокөлік және жаяу жүргіншілер жолдарын қардан тазалау, тайғақ күндері автокөлік жолдарына инертті материал төгу, көктемде еріп, жиналған қар суын далаға төгу жұмыстарын мемлекттік сатып алу порталы арқылы «Сен-Сұлу» ЖК ұтып алды. Сонымен бірге аталмыш мекеме округке қарасты Қоңыраулы, Кенбай, Былқылдақты елді мекендерге қатынайтын жолдарды да қардан тазалайды. Бүгінгі таңда «Сен-Сұлу» ЖК арқылы Сағыз ауылішілік автокөлік жолдары толықтай тазаланса, жаяу жүргіншілер жолдары ақылы қоғамдық негізде жұмыс жасайтындар арқылы қардан тазаланды.

Енді бес күннен кейін қыстың соңғы айы ақпан кіреді. Қазақша жыл қайыру бойынша ақпан – тек қыстың емес, жылдың да соңғы айы. Үлкендердің пікірінше, бұл ай – қыстың ең ауыр әрі қаһарлы кезі. Бұл айда қыс ақырып келеді. Қатты суық, үскірік аяз, ат құлағы көрінбейтін дүлей борандар да осы айда күш алады. Ендеше, қытымыр қыстың қаһарына ұшырамай көңілді көктемге мал-жанымызды аман-есен жеткізуге жазсын деп тілейміз.

Бауыржан ОҚАСҰЛЫ

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT