Жақында аудандық қорғаныс істер жөніндегі бөлімге су жаңа автокөлік берілді.
Көктемгі және күзгі мезгілде әскерге шақырылушыларды облыстық комиссияға апару аталмыш бөлім қызметкерлері үшін жыр болатын. Бұл мәселені оңтайлы шешу үшін бөлімге көлік алып беру туралы қорғаныс саласының ардагері, аудандық мәслихат депутаты Есенбай Нұров аудан әкімі Қанат Әзмұхановқа ұсыныс айтқан болатын. Өз кезегінде аудан басшысы бұл ұсынысты қабыл алып, жыл аяғында «Jetour» авто көлігін алып берді. Ұжым алдында аудандық қорғаныс істер жөніндегі бөлім бастығының орынбасары, майор Нұрбол Ғаниевке жаңа көліктің кілтін табыс еткен аудан әкімінің орынбасары Гүлшара Ізімова:
– Әскер – мемлекетіміздің айбыны, бетке ұстар айбары. Бұл орайда, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуде аудандық қорғаныс істер жөніндегі бөлім қызметкерлерінің еңбегі зор. Ұжымның бұл бағыттағы жұмысын одан әрі жандандыру бағытында аудан басшысы жаңа көлік алып берді. Сіздерді, келе жатқан Жаңа жылмен құттықтай отырып, еңбектеріңізге табыс тілеймін, - деді.
Бұдан кейін қорғаныс саласының ардагері Есенбай Нұров, аудандық қорғаныс істер жөніндегі бөлім бастығының орынбасары, майор Нұрбол Ғаниев ізгі тілегін білдіріп, ұжым атынан аудан әкіміне ризашылығын білдірді.
Бауыржан ОҚАСҰЛЫ