Кеше аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудандық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті.
Оған аудандық қоғамдық кеңес мүшелері, аудан әкімінің орынбасалары, жауапты бөлім басшылары мен округ әкімдері қатысты. Жиынды аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Өтеуғали Дүйсәлі ашып, жүргізіп отырды. Онда аудан әкімі аппаратының жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс жөніндегі бөлім басшысы Мақсат Төкенов биылғы су тасқынын алдын алу бағытында жасалған жұмыстарды баяндаса, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ерсағын Құмаров аудандағы тазалық және көгалдандыру бағытында жасалған жұмыстарға тоқталды.
Жиын барысында қоғамдық кеңес мүшелері баяндамашыларға өздерін толғандырған мәселелер бойынша сауалдар қойып, қосымша ұсыныстарын да жеткізді. Әсіресе, тазалық және көгалдандыру жұмыстары тек науқандық емес жыл бойы нәтижелі жүруі тиістігін баса айтты.
Дулат ҒҰБАЙДУЛЛИН