Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

САҒЫЗДА 17 ОТБАСЫ ҚОНЫС ТОЙЫН ТОЙЛАЙДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықты баспанамен қамту Үкіметтің негізгі міндеттерінің бірі екенін айта келе: «Үй кезегінде тұрған азаматтардың баспана мәселесін шешу үшін мемлекеттік қолдауды күшейтіп, тұрғын үй құрылысы мен оның қолжетімділігін арттыру қажет. Әсіресе көпбалалы отбасыларға, мүгедектігі бар жандарға және халықтың әлеуметтік осал топтарына ерекше назар аударып, олардың баспанаға қол жеткізуіне барынша жағдай жасауымыз керек» деген еді.

Осы орайда Сағыз ауылында аудан әкімі Қанат Әзмұхановтың қатысуымен тұрғын үй кезегінде тұрған көпбалалы отбасылар мен әлеуметтік жағынан әлсіз тобы санатына жататын 17 отбасына жаңа баспананың кілті табысталды. Салтанатты шарада құттықтау тілегін білдірген аудан әкімі Қанат Әзмұханов:

– Бүгін кезекті бір атқарылған іс өз мәресіне жетіп, ауыл  тұрғындары жаңа баспана кілтін алып отыр. Ауданда жыл сайын әлеуметтік нысандар, тұрғын үйлер салынып халықтың игілігіне берілуде. Бұл Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасына сәйкес, облыс әкімінің қолдауымен болып жатқан игі істердің жалғасы. Тұрғын үй беру қарқыны жылдан жылға өсіп келеді. Мәселен аудан бойынша 2022 жылы 14 тұрғын үй берілсе, 2023 жылы 60 отбасын баспанамен қамтамасыз еттік. Ал, өткен жылы 80 отбасы баспаналы болса, биыл 150 отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз. Осындай жақсы сәттер алға қарай да жалғасын таба береді. Шаңырақтарыңыз берекелі әрі шаттыққа толы болсын! - деді.

Шарада Миялы ауылының тұрғыны Мәдина Жанұзақова, Сағыз ауылдық аналар кеңесінің мүшесі Дәрігүл Башиева, жаңа баспана иелері Бүркіт Бекайдар,  Ақтоты Ізбасовалар жүрекжарды ақ тілектерін ақтарып, жаңа үй беріп, Мемлект басшысының тапсырмасын жүзеге асырып жатқан облыс және аудан әкіміне ризашылықтарын білдірді. 

Бауыржан ОҚАСҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT