Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

АЯНА – БІЛІМДІЛЕР САЙЫСЫНЫҢ ҮЗДІГІ

Бүгін Атырау қаласында «Дарын» білімділер сайысының финалдық кезеңі өз мәресіне жетті. «Атырау» телеарнасы мен облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен өткен сайыстың іріктеу кезеңіне облыстың 170 мектебінен 630 оқушы қатысқан болатын. Солардың арасынан ең үздік деген 32 оқушы іріктеліп алынып, телевизиялық жобаға тікелей жолдама алды.

Үздіктер арасында Жаңашаруа орта мектебінің 10-сынып оқушысы Аяна Аманғали да болды. Ауылдың қаршадай қызы Аяна мұнымен тоқталып қалмай топтық кезеңде 190 ұпай, жартылай финалда 175 ұпай жинап сайыстың финалдық кезеңіне шыққан болатын. Телевизиялық жобаның финалдық ойынына ең үздік деген 4 оқушы қатысты. Сайыс «Бәйге», «Жорға», «Тіл білгірі» сынды үш бөлім бойынша өтті. Бұл сында да Аяна үздік ойынымен көзге түсіп, 150 ұпай жинап, нәтижесінде бірінші орынды жеңіп алды. Бас жүлдені Атырау қыздар лицейінің оқушысы иемденді.

Бұл ретте, аталмыш сайысқа облыстағы тереңдетіп оқытатын лицей, гимназиялардың оқушылары да қатысқандығын ескерсек Аянаның бұл жеңісі керемет нәтиже. Аянаны аталмыш сайысқа дайындап алып барған сынып жетекшісі Айдана Қабдолова:

– Аяна бұл сайыста іріктеу кезеңінен бастап үздік нәтижелер көрсетіп келді. Бүгінгі финалдық сайыста 9 пән бойынша сұрақтар келді. Мынандай үлкен деңгейдегі телевизиялық жобаға бірінші рет қатысып тұрғанына қарамастан Аяна өз білгенінен жаңылған жоқ. Ұстаздарының 10 жыл бойы берген білімін бүгінгі сайыста көрсете білді. Бір әттеген-айы – бас жүлдеге 20 ұпай жетпей қалды. Бірақ, бұған да қанағат. Аяна мектебімізден «Алтын белгіге» үміткер бірден бір үздік оқушымыз. Бұйырса бұдан биік белестерді бағындырады деп сенеміз, - дейді.

Ал, аталмыш сайыстың бастамашысы, атыраулық қоғам белсендісі Амандық Есқали өзінің «Фейсбук» желісіндегі парақшасында: «Жаңашаруа орта мектебінің 10 сынып оқушысы Аяна мықты, білімді оқушы. Финалдағы қиын есептің жауабын бір өзі тапты. Аудан атынан марапаттауға әбден лайық» деген жазба қалдырды. Расымен де, интелектуалды жобадан үздіктер қатарынан көрінген Аяна қандай құрметке болсын лайық. Ендеше, жергілікті басшылар мен кәсіпкерлер білімді арудың бұл жеңісін ескерусіз қалдырмайды деп сенеміз.

Дулат МӘТЖАН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT