Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

АНТЫНА АДАЛ АЙТБАЙ

Мыңдаған адамның өмірін өзгертіп, қаншама қайғы әкелген Ауған соғысының аяқталғанына биыл 35 жыл толып отыр.

Он жылға жуық бөтен елдің мүддесін қорғаған Кеңес Одағы әскерлерінің құрамында көптеген қазақ сарбазы интернационалдық міндетін атқарды. Солардың қатарында Қызылқоға топырағынан аттанған 41 азамат та бар. Қазіргі таңда олардың 14-і ауданда тұрса, біразы тұрмыс бабымен басқа жерге қоныс аударды. Соғыс зардабынан бақилық болғандары да жетерлік.

Міне, сол Отан алдындағы борышын адал атқарғандардың қатарында жерлесіміз Айтбай Нәтиев те бар. Мақат кентінде 1966 жылы дүниеге келген ол, сексенінші жылдары Миялыға көшіп келеді. Сол кездегі Н.К.Крупская атындағы (қазіргі Х.Досмұхамедұлы) орта мектепті бітірген соң еңбек жолын аудандық орман шаруашылығы мекемесінде бастайды. Еңбек ете жүріп Сағыз кәсіптік-техникалық училищесінде білім алып, жүргізушілік куәлігін алады. 1984 жылы көктемде аудандық әскери комиссариаттың шақыртуымен Отан алдындағы борышын өтеуге аттанады. Түркіменстанның астанасы Ашхабад қаласына алты ай әскери дайындықтан (учебка) өткен соң әскерге бірге барған жерлестерімен бірге Ауғанстан еліне жіберіледі. Бұл кезең ауған жерінде соғыс өртінің тұтанғанына бес жыл болып, соғыстың нағыз қызған шағы еді. Осы бір қанқұйлы шақ туралы кейіпкерімізбен әскерде бірге болған ақтөбелік Сәдуақас Мүсіркепов былайша еске алады:

«Мен өзім 1965 жылы Қызылқоғамен көршілес Байғанин ауданының Ебейті ауылында дүниеге келдім. Ақтөбе қаласындағы ауыл шаруашылығы техникумын бітіргеннен кейін әскерге алындым. Айтбаймен және бір топ қызылқоғалық жігітпен Ашхабадта бірге болып, танысқан едім. Дайындық біткен соң бізді Ауғанстан жеріне жібергенде мен, Айтбай және атыраулық Рашид Оразалин деген азамат үшеуміз Гор провинциясына түстік. Аталмыш провиницяның орталығы Чагчаран қаласын дұшмандардан қорғап тұрған мотоатқыштар ротасы, артиллериялық батарея, күзет батальоны, танк және байланыс взводы бар. Мен артиллериялық батареяда жүргізуші, кейіннен бөлімше командирі болып қызмет етсем, Айтбай мен Рашид күзет батальонына түсіп, «БМП-1» көлігінің атқыш-операторы (наводчик-оператор) болды. Қалаға жақын жердегі асуда орналасқан біздерді төрт жағымыздан Айтбайлардың күзет батальоны қорғап, қауіпсіздікті қамтамасыз етті. Олардың күзет орындары шамамен он шақырымдай жерде болды. Дұшмандар әсіресе қараңғылықты пайдаланып, жақындап келеді де автомат, гранатомет, минометпен атқылайды. Біздер де оқ жаудырып, оларды қуып тастаймыз. Алайда, тұтқиылдан атқылағасын жараланғандар, кейде қаза табатындар болады. Сондай шабуылдардан кейін бір-бірімізбен хабарласып, амандығымызды білеміз. Хат келгенде бір-бірімізге оқып беріп, елдің жаңалығын естіп мәз болып қаламыз. Бірде бес-алты сарбазбен күзеттен келе жатқан Айтбайлар дұшмандардың тосқауылына тап болып, екі-үш сағаттай ұрыс жүргізеді. Қосымша көмек келгенде жау кері қашып, ізін жоғалтады. Осы ұрыста Айтбай «БМП-1» әскери көлігінде отырып, пулеметтен оқ жаудырып бұларды тірілей қолға түсірмек болған дұшмандарды жақындатпағандығын қаруластары мақтанышпен әңгімелеген еді. Тағы бір осындай тосқауылда Айтбай жеңіл жарақат алады. Әскердегі жақсы қызметі, ерлігі үшін «Жауынгерлік еңбегі үшін» медалін иеленді. Командиріміз саптың алдына Айтбайды шақырып, кеудесіне медальді таққанда жерлесім, досым үшін қатты қуандым. Бір жыл жарым бірге болғанда Айтбай мен Рашидтің досқа адал, антына берік азамат екендігіне көзім жетті. Әсіресе, қазақ сарбаздарын мұқата сөйлейтін славян өкілдеріне қарсы шығатын ұлтжандылығына риза боламын. Әскери борышымызды адал атқарып, елге келген соң біраз уақыт хабарласа алмай қалдық. Тоқсаныншы жылдың ортасында Ақтөбе қаласына қоныс аударғанда Айтбаймен кездесіп, отбасымызбен араласып кеттік».

Бір жыл жарым соғыс оты қайнаған ауған жерінде азаматтық парызын адал атқарып, елге аман-есен оралған Айтбай ұзақ жыл теміржол саласында еңбек етті. Ол аталмыш саладағы еңбек жолын 1987 жылы Куйбышев теміржолының Кинель локомотив депосында тепловоз машинисінің көмекшісі болып бастады. Бір жылдан соң Ақтөбе пайдалану локомотив депосында тепловоз машинисінің көмекшілігіне ауысып, одан әрі аталмыш депода жылжымалы құрамның дизельдерін жөндеуші, локотомив қабылдаушы, тепловоз машинисі, Батыс өңірінің локомотив диспетчері қызметтерін атқарды. Еңбек ете жүріп, Самара теміржол көлігі инженерлері институтында оқып, «Локомотивтер» мамандығын алады. 2005 жылдан Шұбарқұдық, Қандыағаш, Жем пайдалану локомотив деполарында директордың орынбасары, директоры болды. 2014 жылдан «Локомотив» акционерлік қоғамы Президентінің аппараты өкілеттігінің Батыс өңірінің өкілі, «Қазақстан темір жолы» ҰК» акционерлік қоғамы Ақтөбе теміржолы Батыс өңіріндегі өкілі лауазымдарында болып, өмірінің ақырына дейін Қандыағаш пайдалану локомотив депосының директоры қызметін атқарды.

Абзал азаматтың үлкен жүрегі 2019 жылдың 30 желтоқсанында мәңгіге тоқтады. Артында анасы Бәтима, жары Салтанат, қос қанаты Дәулет пен Әділеті, бауырлары қалды. Теміржол саласындағы адал еңбегі мен локомотоив шаруашылығының дамуына қосқан үлесі үшін бірнеше рет «Локомотив» акционерлік қоғамы басшылығының Құрмет грамотасымен, алғыс хатымен, «Құрметті теміржолшы» төсбелгісімен марапатталды. Сонымен қатар, Ауған соғысының ардагері ретінде «Гвардия», «Кеңес әскерінің үздігі», «Ауған халқының алғысы» төсбелгісі мен мерекелік медальдарды иеленді. Иә, ауғандық жауынгерлер ата-баба дәстүріне адал болып, жат жерде өздерінің әскери борыштарын абыроймен өтеді. Бүгінде ел ағасы болған азаматтардың, сол кездегі өрімдей өрендердің өлімнен қаймықпай, бастарын бәйгеге тігіп, он сегіз жасында өзге елдің мүддесі үшін соғысқа қатысып, Отан алдындағы борышын адал атқарғандары бүгінгі жастарға үлгі-өнеге болары сөзсіз.

Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT