Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Көші-қон тәртібін бұзған шетелдіктер сот шешімімен тиісті жазаларын алды

Күн жылынып, құрылыс маусымы басталар уақытта елімізге алыс-жақын шетелдерден жұмыс істеуге қабілеті бар ер-азаматтардың ағылатыны – жыл сайынғы құбылыс. Ал, олардың барлығы дерлік арнайы рұқсатпен келіп жұмыс істеп жатқанымен еліміздің көші-қон ережесін бұзатындары да баршылық.

Аудандық ішкі істер бөлімі бастығының қызмет істері жөніндегі орынбасары Нұркен Нұғмановтың айтуынша, аудандық ішкі істер бөлімі көші-қон қызметі Қазақстан Республикасы азаматтарына жеке куәлік пен төлқұжат берумен бірге, алимент төлеушілер мен борышкерлерден бережақтарын өндіру, тіркеуге алу және басқа да жұмыстарды атқарады. Өткен жылы көші-қон саласындағы заңсыздықтарды анықтау үшін аудан көлемінде төрт рет «Мигрант» және «Нелегал-2017» жедел профилактикалық іс-шаралар өткізіліп, бірқатар заң бұзушылықтар анықталды. Атап айтқанда, төрт алимент төлеушіге және 21 борышкерге әкімшілік іс ашылды. Өз балаларына алимент төлемей қашып жүрген олардың біреуі ұсталса, қалғаны іздестірілуде. Іздеудегі жүргендердің бірі күйеуіне екі баласын тастап кеткен әйел адам. Енді бой тасалаған әкелер мен перзентінен безген безбүйрек шешені тауып, олардан бала күтіміне қажетті қаражатты өндіру жолдары қарастырылуда. Ал, түрлі деңгейде айыппұлдарын төлемей жүрген борышкерлердің 18-і ұсталып, олардан тиісті айыппұлдар өндірілді.

Іс-шара кезінде тіркеусіз жүрген, яғни есепке отырмаған 12 адамға Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 492 бабының 1 тармағы бойынша ескерту берілсе, тоғыз адамға осы баптың екінші тармағында көрсетілгендей жеті айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды. Сондай-ақ, жеке куәліктерін жоғалтқан, сындырған немесе ауыстыру мерзімі өткен сегіз адам 492 баптың 1 тармағымен ескерту алып, 11 адам екінші тармағы бойынша жеті айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл арқалады. 493 бапты басшылыққа алып, яғни меншігіндегі ғимараттарда немесе үй-жайларда тұлғалардың тіркеусіз тұруына жол бергені үшін бес тұрғын үй иесіне соттың шешімімен 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды.

Тексеру кезінде көші-қон заңдылығын бұзған бірқатар шетел азаматтары анықталып, жауапкершілікке тартылды. Олар негізінен Қазақ-стан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің «Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы» деп аталатын 517 бабында көзделген заң талаптарын бұзған. Атап айтқанда, еліміздің заңнамасында белгіленген мерзім өткеннен кейін үш тәулік ішінде тіркелмеген тоғыз өзбек азаматына жоғарыда көрсетілген баптың 1 тармағы бойынша ескерту берілді. Ал, осы баптың 5 тармағын өрескел бұзған, яғни көші-қон карточкасында көрсетілген жерден басқа орындарда рұқсатсыз жұмыс жасаған 20 өзбек азаматы аудандық соттың шешімімен жазаға тартылды. Олардың 15-і төрт тәулікке қамауға алынса, төртеуіне 40 мың теңге мөлшерінде айыппұл салынып, біреуі ел шекарасынан шығарылды. Сөйтіп, жұмыс іздеп келіп, ел заңын менсінбегісі келген шетелдіктер тиісті жазаларын алды. Сонымен бірге, ел заңына бағынғысы келмеген өзбектерді тіркетпеген немесе мерзімі бітсе де тиісті орындарға ескертпегені үшін заңға сәйкес екі үй иесіне ескерту берілді.

– Көші-қон қызметінде заң талаптарының орындалуын қадағалаумен бірге ел азаматтарын құжаттандыратыны аян. Бұл ретте, аудандық халыққа қызмет көрсету орталығына келе алмайтын науқас адамдарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға үйлеріне барып қызмет көрсетуді қолға алды. Өткен жылы орталықта жасақталған мобильді топпен бірге сегіз адам құжаттарын алды. Бұған дейін есепке отыру үшін мемлекеттік баж салығы ретінде 227 теңге төлейтін болса, биылғы жылдан бастап есепке отыру тегін, – дейді аудандық ішкі істер бөлімі көші-қон қызметі тобының аға инспекторы міндетін атқарушы, полиция аға лейтенанты Наурыз Сақиев.

Бауыржан САҚТАСИНОВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521