Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ЕНШІМІЗДЕ ЕКІ МИЛЛИОН

  Атырау қаласында «Атырау Этно Fest» атты аудандар мен қаланың мәдениет күндері өтті. Бұл шараға ауданымыздан да арнайы делегация аттанып, фестивальда аудан мәдениеті мен руханиятын паш етіп қайтты. Шараның ашылу салтанатында аудандар мен қала өкілдері салтанатты шеру жасап, арнайы қақпадан Сұлтан Бейбарыс алаңына келді. Бұдан соң комиссия мүшелері қатысушылар жасақтаған этно ауылдарды аралап, олардың тыныс-тіршілігімен танысты.

  Аталмыш алаңда біздің аудан он екі қанатты екі ағаш үй тікті. Оның бірінде аудан тарихынан сыр шертетін жәдігерлер қойылып, ішіндегі ЛЭД экранда ауданнан шыққан тарихи тұлғалардың өмірдеректері көрсетілді. Ал, екінші киіз үйде жергілікті қолөнер шеберлерінің көрмесі мен ұлттық тағамдардан дастархан жасалды. Одан бөлек киіз үй ішіндегі ЛЭД экранда ауданның қазіргі тыныс-тіршілігі мен экономикалық дамуы жайлы бейнебаян көпшіліктің назарына ұсынылды. Ал, киіз үйлердің ауласында аудан өнерпаздары «Есбай күйшінің келуі...» атты театрландырылған көрініс қойып, қалалықтарды тарихи тұлғамен таныстырды. Осы ретте, фестивальдың бірінші күнінің қорытындысымен аудан киіз үйі комиссия тарапынан жоғары бағаға ие болғандығын да айта кеткен жөн.

Шараның екінші күні әрбір қатысушы аудан мен қала ережеге сай  орталық алаңда құрылған алып сахнада 30 минуттан өнер көрсетті. Өз кезегінде аудан өнерпаздары мерекелік концертті «Ақжелең» фольклорлық ансамблінің орындауындағы Бауыржан Ақтаевтың «Арнау» күйімен ашса, артынша Қарабалиндер, Төлегеновтер, Нұржановтар отбасылық ансамблдері бірге шығып, халық әндерін орындады. Бұдан бөлек концерт барысында «Ойыл аруы» бишілер тобы мың бұрала би  билесе, Ләззат Тастаева, Ғибадат Тұрғалиев, Заманбек Абзалұлы, Жұмакелді Әділ, Зәуре Жұмағалиевалар мен «Аманат» хоры  Атырау аспанын әнге бөледі. Мерекелік концерт Әбдіғапар Темірхановтың «Туған өлкем Қызылқоғам» әнімен түйінделіп, атыраулықтардың зор қошеметіне бөленді. Екі күндік этнофестивальдың қорытындысы бойынша аудан өнерпаздары екінші орынға ие болып, 2 миллион теңге ақшалай сыйлықпен марапатталды. Сөйтіп, аудан өнерпаздары елге мәдениеттің мерейін үстем етіп оралды.

Дулат ҒҰБАЙДУЛЛИН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT