Мемлекеттік бағдарлама аясында көпбалалы отбасыларға, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға және әлеуметтік жағынан әлсіз тобы санатына жататындарға баспана кілті Рәміздер күні салтанатты түрде тапсырылды. Бұл күні Миялы ауылында 21 отбасы жаңа баспанаға ие болды.
Баспаналы болған тұрғындардың қуанышына ортақ болған аудан әкімі Қанат Әзмұханов:
– Бүгін біз тағы бір керемет сәттің куәсі болып тұрмыз. Жыл сайын әр округте жаңа тұрғын үйлер табысталып, көптеген отбасының арманы орындалып келеді. Биыл наурыз айында да үш қабатты 60 пәтерлік үйдің кілті баспанаға мұқтаж жандарға тапсырылып, пайдалануға берілді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен, облыс әкімінің қолдауымен ауданда әлеуметтік нысандар салынып, халық игілігіне пайдалануға берілуде. Бұл әлеуметтік нысандар аудан тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға, тұрмыс-тіршілігін кеңейтуге бағытталып отыр. Бүгінгі күні баспаналы болып отырған жерлестеріміз шаңырақтарыңыз мерекелі, берекелі болсын деген тілегім бар. Қоныстарыңыз құтты болсын! - деді.
Бұдан кейін аудандық мәслихат төрағасы Толқын Бейсқали мен аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Өтеуғали Дүйсәлі жаңа баспана иелеріне құтты болсын айтып, елімізде қоныс тойын тойлаушылар көбейе берсін деген тілектерін жеткізді.
Шара соңында әжелер шашу шашып, ауыл тұрғындары жаңа пәтерлерді аралап, үй иелеріне құтты болсын айтты
Бауыржан САҚТАСЫНОВ