Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ЕЛ РУХЫ АСҚАҚТАҒАН КҮН

   Аудан орталығындағы «Жастар» паркінде мемлекеттік рәміздер күні мерекесіне орай салтанатты шара ұйымдастырылды. Мемлекеттік байрақпен жабдықталған автокөлік шеруі «Арлан» жанар жағар май бекетінен бастау алып, айналма жолмен жүріп өткен соң Т.Қарабалин атындағы көше арқылы «Жастар» саябағына келіп тоқтады. Бұдан кейін сахна төріне салтанатты түрде мемлекеттік рәміздер Ту мен Елтаңба әкелініп, Әнұран ойналды.

    Салтанатты шарада құттықтау тілегін білдірген аудан әкімінің орынбасары Гүлшара Ізімова:

    – Бұл мереке – Отанымыз үшін патриоттық пен намыстың мерекесі. Себебі, әрбір азаматтың жүрегінде патриоттық сезімдерін қалыптастыруда мемлекеттік рәміздердің маңызы зор. Елтаңба, Ту мен Әнұран – еліміздің тарихынан сыр шертетін, халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілері, тәуелсіз мемлекеттің басты символдары болып табылады. Бұл рәміздер ұрпақтар өмірбаянының өзгеше қастерлі белгілері болып қала бермек. Бүгінде көк байрағымыз Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуропалық Қауіпсіздік Ынтымақтастық Ұйымы сияқты халықаралық беделді ұйымдардың штаб-пәтерлерінде желбіреп тұрса, әлемдік додаларда Туымыз көтеріліп, Әнұранымыз шырқалуда. Мемлекеттік рәміздерімізді құрметтеу, мақтан тұту әрбір азамат үшін қасиетті борыш. Ендеше, Тәуелсіздігіміздің алтын күмбезі саналатын мемлекеттік рәміздеріміздің мәртебесі арта берсін! Мерейлі мерекеде баршаңызға зор денсаулық, отбастарыңызға амандық, бақ-береке тілеймін, - деп әлемдік спорт жарыстарында жеңіс тұғырынан көрініп, Туымызды желбіретіп жүрген жас спортшылар Асқар Мадияр (дзюдо), Ғалым Біләл (тоғызқұмалақ), Ибрахим Болатбекұлы (қазақ күресі), Ізім Іңірбай (қазақ күресі), Бернар Ерболат (дзюдо), Расул Марат (тоғызқұмалақ), Махамбет Серікқалиев (пара жеңіл атлетика), Ерасыл Қуандық (дзюдо), Бекұлан Бейбітұлы  (дзюдо), Айсұлтан Мергендерді (бокс), аудан әкімінің Алғыс хатымен марапаттады.

   Бұдан кейін аудандық мәслихат төрағасы Толқын Бейсқали аудан халқын ел рухын асқақтататын мерейлі мерекемен құттықтаса, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Асқар Ақтаев мемлекеттік рәміздер күніне аясында өткен көркемсөз оқу, сурет салу байқауы мен марафон жеңімпаз-жүлдегерлері мен белсенді қатысушыларын бөлім атынан Алғыс хатпен марапаттап, қаржылай сыйлық табыс етті. 

Салтанатты шараның соңы «Арман» мәдениет үйі өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты. Онда «Жұлдыз-ай» үлгілі би ұжымы қазақ биі «Рухты» билесе, Жұмакелді Әділ «Дүр қамшы», «Арман» тобы «Егемен ел», Зәуре Жұмағалиева «Қазақстан» әнін орындап, «Арман» триосы А.Ахметбекұлының сөзіне жазылған Е.Зейіпханның «Көк тудың желбірегені» әнімен мерекелік шараны қорытындылады.
Бауыржан ОҚАСҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT