Жақында аудандық «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының мәжіліс залында аталмыш партияның кезектен тыс ХХV конференциясы болып өтті.
Әнұранмен ашылған конференцияны «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Арман Баженов жүргізді. Кезектен тыс өткен ХХV конференцияға партия ардагерлері, мәслихат депутаттары, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары және «Жас Отан» жастар қанатының мүшелері қатысты.
Конференцияның күн тәртібінде партия атынан аудандық мәслихаттың депутаттығына үміткер ұсыну және партияның облыстық филиалының кезектен тыс өтетін ХХVІІ конференциясына делегат сайлау мәселесі қаралды. Алғашқы сөз конференция делегаттарының өкілеттіктерін растау үшін мандат комиссиясының төрағасы, «Мұражай» бастауыш партия ұйымының делегаты Айбар Алтыбаевқа берілді. Делегаттардың өкілеттіктерін растау туралы жасалған хабарлама жалпы дауысқа салынып, бекітілді. Содан кейін аудандық мәслихат депутаттығына партия атынан үміткер ұсыну туралы мәселе қаралып, №6 сайлау округі бойынша Сағыз ауылындағы №9 орта мектептің директоры Өтепберген Әділовтың кандидатурасы ұсынылды. Конференция барысында үміткердің сенімді өкілі, №9 орта мектептің мұғалімі Бақтылы Қаженова делегаттарға Өтепберген Қалыбайұлының өмірбаянын оқып шықса, аудандық мәслихат депутаттығына кандидаттың өзі жиналғандарды сайлауалды бағдарламасымен таныстырды. Бұдан соң конференция делегаттары Өтепберген Әділовтің кандидатурасын ұсыну туралы дауысқа салып, ол бірауыздан мақұлданды. Жиын соңында облыстық конференцияға баратын делегаттар тізімі де мақұлданып, бекітілді.
Дулат БЕРІК