Таяуда Атырау қаласында облыстық Білім беру басқармасы Әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен «Болашаққа бағдар: мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың перспективалары» тақырыбында республикалық форум өтті.
Форумда облысымыздың әр өңірінен келген бөбекжай балабақшалардың «Мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту жаңғырту жолында» тақырыбындағы көрмесі ұйымдастырылды.
Көрмеде заттық-дамытушы ортаның, балалардың шығармашылық таным-қабілеттерінің, бөбекжайлардағы өзгерістер мен заманауи құрылғылардың көрсетілімі болды.
Осы орайда, республикалық форумға ауданнан «Жасұлан», «Нұр-Шуақ», «Алтын кілт», «Ақбота», «Балауса» бөбекжай балалар бақшасының тәрбиешілері мен тәрбиеленушілері қатысты.
Соның ішінде, «Жасұлан» бөбекжай балалар бақшасының тәрбиеленушісі, 3 жастағы қатысушы Дария Жанболат көпшіліктің көзіне ілікті. Ол көрмеге сенсорика бағытындағы дидактикалық ойын түріндегі жұмысын ұсынып, өзінің ойын жетік әрі еркін жеткізді.
- Баланың еркін сөйлеуі, дамуы үшін балабақша тәрбиешілері мейлінше көп жұмыстанады. Дария көрмеге әкелген жұмысын таныстырып, ойын анық айта білді. Бұл ретте, жетекшілері Әсия Тельманова мен Әсемгүл Қазмағанбетованың еңбегі орасан зор. Зерек әрі ақылды балалардың осындай жас әрі ізденімпаз тәрбиешілердің арқасында көптеген жетістікке жетеді деген сенім зор, - дейді «Жасұлан» бөбекжай балалар бақшасының меңгерушісі Нұржамал Мәдіғалиева.
Форум соңында, барлық жетекші мен тәрбиеленуші бүлдіршіндерге алғыс хат табысталды.
Нұрсәуле ЖАУЫНБАЕВА