Күн сайын көркейіп, жыл сайын жаңарып келе жатқан ауданымызда биыл да біраз игі іс атқарылуда. Елді мекендерге газ желісі толықтай тартылып, ауыз су құбыры жүргізілді. Байланыс аясы да кеңейді. Ауылішілік және ауыларалық автокөлік жолдары да салынып, көлік қатынасы жақсаруда. Жасалып жатқан жұмыстардың ішінде «Миялы-Сағыз» тас жолына жүргізіліп жатқан орташа жөндеу жұмысының маңызы зор.
2023 жылы облыс әкімі Серік Шәпкенов Сағыз ауылдық округінің тұрғындарымен кездескенде сағыздық зейнеткер Байғали Досымбаев: «2012 жылы пайдалануға берілген «Миялы-Сағыз» тас жолы ауыр жүк көліктерінің шамадан тыс жүк тиеп жүруі салдарынан басым бөлігі бүлінді. Жолға күрделі жөндеу жүргізу қажет» деген округ тұрғындарының ұсынысын жеткізген еді. Оған аймақ басшысы «Миялы-Сағыз» тас жолын жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарда бар екенін, жоба жасақталып, қаржының бөлінуіне қарай бұл жұмыстар атқарылатынын қаперге берген болатын.
Жақында «Миялы-Сағыз» тас жолына орташа жөндеу жұмысы басталды. Тапсырыс беруші облыстық жолаушылар көлiгi жəне автомобиль жолдар басқармасы. Құны 15 миллиард 300 миллион теңгені құрайтын бұл жұмысты «Ассана-ДорСтрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атқаруда. Аталмыш мердігер мекеменің өкілі Талғат Сланбековтің айтуынша, облыстық маңызы бар, жалпы ұзындығы 115 шақырымды құрайтын «Миялы-Сағыз» тас жолын орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге 39 арнайы техника, 32 жұмысшы жұмылдырылуда. Қазіргі таңда жолға төселген бұрынғы асфальт жабындысы қырылып, тазаланған соң қалыңдығы алты сантиметр болатын ірі қиыршық тас (щебень) араластырған асфальт төселуде. Оның үстіне төрт сантиметрлік майда қиыршық тас араластырған асфальт төселеді. Жоба бойынша тас жолдың су келу қаупі бар алты жеріне су өткізгіш салынып, 224 шақырымы мен 242 шақырымы аралығына қар ұстағыш және екі әжетхана тұрғызылады. Аталмыш жоба екі жылға жасақталған. Биыл қаржының бөлінуіне орай жолдың 25 шақырымы жасалады.
Көлік-логистика саласы бойынша Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың Атыраудағы отырысында: «Автокөлік жолдары – елдің экономикалық және әлеуметтік тыныс-тіршілігінің күретамыры. Сондықтан негізгі қалаларымыз бен аймақтарымыздың арасын сапалы жолдармен жалғау маңызды» деген еді. Ендеше, Мемлекет басшысының тапсырмасына орай қолға алынған маңызды жоба уақытында әрі сапалы аяқталып, халық игілігіне берілсе игі дейсің.
Бауыржан ОҚАСҰЛЫ