Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 28 сәуірдегі Жарлығына және «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік наградалары туралы» Заңына сәйкес, 11 көп балалы ананы Алтын алқа және Күміс алқа алқаларымен марапаттау шарасы өтті. Оған марапат иелерімен бірге аудандық аналар кеңесінің төрайымы Ұлдаш Құлшықова, Миялы ауылдық аналар кеңесінің төрайымы Анар Арыстанғалиева қатысты.
Шарада құттықтау тілегін білдірген аудан әкімінің орынбасары Гүлшара Ізімова:
– Болашағын ойлайтын мемлекет, ең алдымен, әйелдерге құрмет көрсетуі тиіс. Қазіргі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ауданда көп балалы отбасыларға айырықша назар аударылып отыр. Баспанаға мұқтаж көп балалы отбасыларға қолдау көрсетіліп, баспана мәселелері де оң шешімін тауып келеді. Әр адамның арманы – баласын биіктен көру. Сондықтан тәрбиелеп отырған ұл-қыздарыңыз еліміздің нағыз патриоты болсын, - деді.
Айта кетсек, жеті баланы өмірге әкеліп, тәрбиелегені үшін Алтын алқамен Тілекші Сыдықова (Тайсойған а/о), Айгүл Ерғалиева (Миялы а/о), Нұргүл Сұлтанова (Сағыз а/о), Айнұр Дайрабаевалар (Мұқыр а/о) марапатталса, алты балаға тәлім-тәрбие бергені үшін Күміс алқаға Айбарша Наурызғалиева (Миялы а/о), Арайлым Аманғалиева, Гүлфайруз Сәрсенова, Анара Шамыева (үшеуі де Сағыз ауылдық округінен), Әйгерім Жұмағалиева (Тайсойған а/о), Назира Сапарова, Айдана Қабдоловалар (екеуі де Көздіғара ауылдық округінен) ие болды.
Бауыржан ЕРЖАН