1 маусым - Халықаралық Балаларды қорғау күні қарсаңында, Миялы спорт кешенінде аудандағы ерекше балалар арасында «Жеңіске бірге жетеміз» атты спорттық сайыс болды.
«Ұлан» балалар-жасөспірімдердің дене шынықтыру даярлығы клубы мен аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жартылай күндізгі стационарлық үлгідегі ұйымының күндіз болу бөлімшесі бірлескен түрде ұйымдастырған шараға қатысқан балалар төрт командаға бөлінді. Жарыстың ашылу салтанатында аудандық білім бөлімінің бас маманы Қанат Алпанов, аудан прокурорының орынбасары Ғарифолла Орынбасаров, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Ұлдаш Құлшықова және аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының міндетін атқарушы Сәнімгүл Жұбаевалар құттықтау тілектерін жолдап, сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жарыста балалар жылдамдыққа жүгіру, шар жару, допты себетке салу бөлімдері бойынша сынға түсті. Нәтижесінде, «Тұлпар» командасы бірінші орынды, «Қыран» командасы екінші орынды, «Жігер», «Барыс» командалары үшінші орынды жеңіп алды. Ұйымдастырушылар балаларға диплом беріп, медаль тақса, Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағының Қызылқоға аудандық комитеті филиалының төрағасы Ақкенже Кәрім естелік сыйлықтар табыс етті. Сол сияқты Миялы ауылдық округі әкімі жанындағы аналар кеңесінің төрайымы Анар Алтыбай балаларға түрлі тәттілер мен балмұздақ үлестірді.
Сайыс соңында аудандық жартылай күндізгі стационарлық үлгідегі ұйымының күндіз болу бөлімшесінің директоры Гаухар Канашова балаларды келе жатқан мерекесімен құттықтап, түрлі сыйлықтар мен тәттілер үлестіріп жатқандарға алғысын білдірді.
Дулат БЕРІК