Ақпан айының соңғы күндері аудан жұртшылығын әбігерге салды. Қыс қаһарына мініп, ақ түтек боран айналаны қалың қардың құрсауына алды. Желдің екпіні күшейіп, жаяу жүргінші түгілі, жүйткіген көліктің өзі қарға малтығып, жол таппай қалғаны жасырын емес. Ақ ұлпа қардың әдемілігі ақырған боранның ашуына ұласып, қыс қаһарын көрсетті. Жол жиегінде үйілген қар, омбыға батып, амалсыз бөгелген көліктер, үскірік желден жүзін бүркеген жаяу жүргіншілер – қыстың қатал мінезін енді сезінгендей. Ауа райының қолайсыздығына байланысты «Қарабау-Индер», «Миялы-Сағыз», «Сағыз-Мақат» бағытындағы тас жолдар жабылып, көлік қатынасы да шектелді.
Табиғаттың тосын мінезінен зардап шеккендер тіркелмеген. Алайда, аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің мамандарының мәлімдеуінше, ескертуді елемей жолға шыққан тұрғындар мен жол қатынасы үзілген шаруашылық иелеріне авариялық-құтқару жұмыстары жүргізілген. Мәселен, 23 ақпан күні сағат 12:08 шамасында Миялы ауылының тұрғынынан аталмыш бөлімге қоңырау түсті. Миялы ауылынан 60 шақырым қашықтықта орналасқан «Құлымбет» шаруа қожалығына баруға жол қатынасы болмай, қожалық иелеріне азық-түлік жеткізу үшін №10 өрт сөндіру бөлімінің жол талғамайтын «Трэкол» автокөлігімен 2 қызметкер көмек көрсетті. Дәл осындай жағдай Миялы ауылынан 30 шақырым жерде орналасқан Жангелдин ауылдық округіне қарасты «Ақжан» шаруа қожалығында да орын алған. Боранды күні болған тағы бір оқиға 21 ақпан күні сағат 20:03-те тіркелді. Сағыз ауылдық округіне қарасты «Боранкөл» қыстағынан «Ақшелек» қыстағына А есімді азамат трактормен шығып кеткені хабарланған. Оқиға орнына сағат 21:10-да Сағыз ауылдық округінің тұсында, «Атырау-Ақтөбе» жол учаскесінде кезекшілікте тұрған «Трэкол-39294» автокөлігімен жеке құрам жеткен. Нәтижесінде, 22 ақпан сағат 00:30-да төтенше жағдайлар қызметкерлерінің күшімен ақ түтек боран салдарынан жолда қалған азамат «Асемкүл» учаскесінен табылған. Жағдайы қалыпты, дәрігерлік көмекке жүгінбеген.
Бөрісырғақ
Ақпан – ақшұнақ, қызылшұнақ аяздар өтіп, қар қататын мезгіл. Осы ай ортасынан ауғанда ат құлағы көрінбейтін боран соғады. Бұл боран кемі апта, болмаса 10-12 күнге дейін созылатын. Бірақ қазіргі қыс бұрынғыдай емес. Қар да аз. Алай-дүлей боран да жоқ.
Ақпан айында қар қатаяды. Ер қанаты – ат, омыраулап жүре алмай, омбығып жатса, дала бөрісі сол қатты қардың бетімен жортып кете береді. Дәл осы мезгілде қасқыр жалпақ даланың қожасы екенін анық сезінеді. Олардың жұп құратыны да осы бір қауіпсіз кезең әрі бұл уақта жұптасқан қаншық 63 күннен кейін ұрпақ әкеледі. Яғни күннің жаймашуақ уақытында дүние көрген қарақұлақ, жазда бөлтірік, одан көкжалданып қысқа түседі. Бөрінің дәл осы уақта жұптасатынын білген жұрт ақпанның ортасынан ауа соғатын бұл боранды бөрісырғақ атапты.
Қазақ халқы табиғат құбылыстарын мұқият бақылап, әр айдың өзіндік ерекшеліктеріне сай атау берген. Қыстың қытымыр суығы мен боранды күндері, көктемгі жауын-шашын, жазғы аптап пен күзгі қара суық – барлығы халықтық тәжірибеден өткен амалдар. Бөрісырғақ, Сарышұнақ аяз, Құс қанаты, Үркерлі жаңбыр секілді атаулар – ата-бабамыздың ғасырлар бойғы ауа райын бақылауының нәтижесі. Осындай байырғы білімнің арқасында бабамыз табиғатпен үйлесім тауып, шаруасын ыңғайлы жүргізе білген. Бүгінде бұл амалдарды білу – тек тарихи таным ғана емес, ата дәстүрден жалғасқан табиғатпен үндестіктің көрінісі.
Кешегі үш күн боранда аудан тұрғындарын алаңдатқан басты мәселе – ауыл ішіне түскен қалың қардың дер кезінде тазаланбауы, жаяу жүргіншілер жолының аршылмауы және қатынас жолдарының жабылуы. «Көшелерге техника жұмылдырылғанымен жұмыс баяу әрі мардымсыз жүріп жатыр» дейді тұрғындар. Тіпті боран басталғалы әлеуметтік желіде арыз шағымдар толастамай, қысқа дайындық деңгейін бір бағамдағандай. «Пәлен жерде алтын бар, барсаң бақырда жоқ» деген қысқа дайындық кезінде барлық техниканы самсатып әдемі көрініс көрсеткені мен керек кезде сол бір сан мыңдаған техниканың бірінде таппай қалатынымыз жанға батады.
Сергелдеңге түскен халықтың сан алуан сауалына жауапты мамандар пікір білдіруге асықпады. Нақты мәліметтерді сұрағанымызбен, жұмыстың көптігін алға тартып, одан қалды, бір-біріне жөн сілтеп, уақытты созбақтады. Ал, бізге жеткен мәлімет бойынша аудан аймағы, ауылдық округтер мен елді мекендерді қоса алғанда жалпы ұзындығы 214,9 шақырым болатын жол ашу жұмыстары ұйымдастырылған, оған барлығы 32 техника жұмылдырылған. Мардымсыз жауап көңіл көншітпеді тұрғындар қойған түрлі сауалдардың қалай шешіліп жатқаны туралы нақты жауап ала алмадық. Сәйкесінше, атқа мінерлердің бел жазбай қызмет атқарып жатқанын аңғардық. Алдымыз көктем. Десе де, «Халық айтса, қалт айтпайды» деген болжаулар бойынша наурыз айының алғашқы күндері де қаһарлы, қарлы боранды болмақ. Қайтпек керек? Оған дейін қар құрсауынан шыға аламыз ба, тау болып үйілген ақ ұлпаны тасып үлгереміз бе деген жауапсыз сауал көкейде сайрап тұр. Көктемгі өр суынан қауіптеніп отырғанда, еріген қар суы жағамыздан алмасын.
Самғат ҚАЙРАТҰЛЫ
Сіз не дейсіз?
Борандағы бейқамдық
Қыс қаһарына мініп, боран соқса болды – жылда жолдар жабылып қар астында қалады. Халықтың қауіпсіздігіне, қозғалыстың қалыпты жүруіне жауапты компания неге уақытында әрекет етпейді? Қалың қар, жабылған жолдар, кептелістер, боранмен ұшқан миллиондаған қаржы – мұның бәрі жұмысына немқұрайлы қараған мердігердің кесірі.
«Сағыз-Миялы-Индер» тас жолы 21-22 ақпан күндері жабылып, халық сергелдеңге түсті.
Тендерді ұтып алған соң, жұмысты дұрыс атқару керек емес пе? Бұл жолдардың тазалығына жауапты мердігер «AG Disinfection Services» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жолды тазартатын техникасы да жоқ болып шықты. Жауапты мекемелер не қарап отыр? Халық осындай немқұрайлылықтың зардабын тарта беруге міндетті ме? Тиісті органдар бұл мәселені қадағалап, салғырт мердігерге қатаң шара қолдануы керек.
Қайырбек БАЙМҰРАТОВ,
облыстық мәслихат депутаты
Әркім өз міндетін орындауы тиіс
Әр айдың өзіне тән амалы болады, бұл да сондай табиғи құбылыстардың бірі ғой. Биыл қар мол жауды, қардың ылғалы жақсы. Кешегі боранда қолымыздан келгенше аяқ жолдарды тазаладық. Балаларым бар, өзім бар қос трактормен шаруашылыққа қатынадық. Мал аман, ыққан мал жоқ. Естіп, біліп отырмыз Миялының ішінде де әркім өз ауласын қардан тазалап жатыр, ал орталықтағы көшелер мен жолдағы қарды аршуға үлгере алмай жатқанын көрдік. Сол кезде жолдардың бәрін жапты. Сағыз бен Миялы жолында қатынас үзілді. Түсінбейтін бір мәселе – осы жолдарды тазалау жұмысын ұтып алған мекемелер қайда? Неге ерте қамданбайды? Жолда қалғандар болмаса да, көлік кептеліп, тұрғындар біраз әбігерге түсті. Бұрынғыдай емес, қазір – заман дамыған. Ауа райын алдын ала болжауға болады, сәйкесінше, дайындық та соған сай болуы керек. Әркім өзіне жүктелген міндетін білуі тиіс, халықтың алдында берген уәде орындалуы қажет. Табиғаттың тосын мінезіне біз әрдайым дайын болуымыз керек.
Жәнібек АРАЛБАЕВ,
шаруагер