Аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Гүлшара Ізімова Алғыс айту күніне орай өзге ұлт өкілдерін қабылдады. Оған аудандағы өзге ұлт өкілдері арнайы шақырылды. Сонымен қоса, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Аналар және бөлім, мекеме басшылары қатысты.
Шараны ашқан аудан әкімінің орынбасары Гүлшара Ізімова:
– Көктемнің келуі – әрбір жыл үшін жылылықпен қатар, адамдардың бойында алдағы күндерге үкілі үмітін артатын шақ. Бұл шақтың алғашқы сәті алғыс айту күні ретінде айшықталуы зор мәнге ие. Қазақ халқында алғыс – ежелден шынайы тілек, риясыз көңіл, жылы көзқараспен өріледі. Бұл мерекенің астарында адамгершілік құндылықтарымен суарылған қазақ халқының дара салт-дәстүрін дәріптеумен бірге, өткен тарихымызға деген бөлек құрмет те жатыр. Сондықтан да бұл мерекеде талай қилы замандарда пейілі кең, көңілі дархан, қашанда қонақжай атажұртымызға табан тіреген еліміздегі түрлі этнос өкілдерінің қазақ халқына терең тағзымы да заңды көрінісін табады. Осы орайда, аудандағы татулық мен тұрақтылықтың үлгісі болып отырған өзге ұлт өкілдеріне алғысымды білдіремін, – деп қабылдауға келген сағыздық Мария Ревкова, Лилия Агибалова, жамбылдық Елена Ақсұлтанова, миялылық Райгүл Стоммаларға аудан әкімінің Алғыс хатын табыс етті.
Содан соң Мария Ревкова сөз алып ерекше ықыласпен алғысын білдірді.
– Мерекеге орай шақырту алғанымда қатты қуандым. Бәріңізді сағынып келдім. Қазақ шаңырағына келін болып түскеніме алпыс жылдан асты. Әр күніме шүкір. Әуелі Алла, содан кейін өмірге әкелген ата-анама алғыс айтамын. Қазіргі таңда 33 немере, 21 шөберем бар. Балаларымның қызығын қызықтап отырмын. Қазақ жеріне комсомолдық жолдамамен келдім. Жасым 17-де болатын. Кеудемнен итермей, құшағына басқан, қазақ еліне алғыстан басқа айтарым жоқ. Еліміз аман, осындай бейбіт күнде басымыз қосыла берсін, - деді ол Қонақкәде ретінде Мария Ревкова әсем ән шырқап, көпшілік әжейдің өнеріне тамсана қол соқты.
Бұдан кейін де қонақтар өз ризашылықтарын, алғыстарын айтты. Раушанүл Стомма да өз алғысын әнмен жеткізіп, «Алғыс» әнін тамылжыта шырқады.
Гүлмира МАҚСОТ