Ойыл өзені арнасын тереңдетіп, тазалау жұмыстарын жүргізу мәселесі көптен көтеріліп жүрген болатын. Өйткені көктемгі тасқын кезінде көтерілген су деңгейі арнадан аса жайылып, елді мекендерді су басу қаупін төндіреді. Сондықтан қауіптің алдын алу және өзен суының еркін ағуын қамтамасыз ету мақсатында өзен арнасын тереңдетіп, тазалау қажеттігі туындады.
Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің тапсырмасымен қолға алынған бұл жоба дүйсенбі күні «Кенен» көпірі маңынан басталды. Сәрсенбі күні аудан әкімі Қанат Әзмұханов тиісті мекеме, бөлім басшыларымен төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Құрылыс жұмысын жүргізіп жатқан мердігер мекеме «Сап-Ин-Вэст» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Рүстем Омаровтың айтуынша, жоба бойынша Ойыл өзені арнасының 100 шақырымы тазаланып, тереңдетілуі қажет. Көктемгі су тасқыны басталғанша өзеннің 30 шақырымын тазалау жопарлануда. Яғни, өзен арнасы екі метрге тереңдетіліп, кеңейтіліп, тазаланып, жағасы биіктетіледі. Қазіргі таңда өзен арнасын тазалауға 20 арнайы техника жұмылдырылды. Алға қарай тағы да 20 шақты техника келеді. Мердігер мекеме бұл жұмыстарды жүйелі әрі сапалы атқаруға күш салады. Арнасы тазаланып, тереңдетіліп, жағасы биіктетілгенде су тасқыны кезінде судың арнадан асып кету қаупін азайтып, оның табиғи жолмен ағуын қамтамасыз етеді.
Мердігер мекеме басшысының айтқанын мұқият тыңдаған аудан басшысы тиісті мекеме басшылары мен мамандарға жұмыстардың сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқталуын қадағалауды тапсырды.
Бауыржан САҚТАСЫНОВ