Биыл адамзат тарихындағы қасіретті кезеңнің бірі – Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталып, Жеңістің туының желбірегеніне 80 жыл толып отыр. Бұл – сол бір сын сағатта жауға қарсы жанын шүберекке түйіп, Отан үшін от кешкен батырлардың есімін мәңгі жадымызда сақтап, олардың ерлік істерін ұрпаққа жеткізетін күн. Сондай-ақ, Ұлы Жеңіс мерекесімен тұспа-тұс келетін Отан қорғаушылар күні – батырлық пен батылдықтың, Отанға деген шексіз сүйіспеншіліктің мерекесі.
Осы орайда бүгін «Жастар» паркінде Отан қорғаушылар күні және Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған салтанатты шара өтті. Мерекелік шара LED экран арқылы тікелей эфирден көрсетілген Астана қаласындағы Тәуелсіздік алаңында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай өтіп жатқан әскери шеруден бастау алды. Әскери шеруде құттықтау сөз сөйлеген Мемлекет басшысы – Қазақстан Қарулы Күштері Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев:
– Ұлы Жеңіс – тарихымыздың ажырамас бөлігі және күллі әлем үшін үлкен сабақ. Біз осы ақиқатты әрдайым есте сақтауымыз керек. Зұлмат кезеңді бастан өткерген майдангерлер қазір ортамызда отыр. Құрметті ардагерлер, барша халықтың атынан Сіздерге шын жүректен алғыс айтамын! Аға буынның өшпес ерлігі – ұрпаққа ұлағат. Отаншылдығы мен жанқиярлығы – үлгі-өнеге. Біз Ұлы Отан соғысының ардагерлерін ешқашан ұмытпаймыз! Баршаңызға бас иеміз! - деді.
Бұдан кейін алаңда әскери шеру басталды. Тәуелсіз Қазақстан армиясының бүгінгі күш-айбынын көрсетуді және майдангерлердің ерлігіне тағзым ету мақсатында ұйымдастырылған әскери шеруге Қазақстан Қарулы күштерінің барлық түрінен төрт мыңнан аса әскери қызметкер қатысып, әуе кеңістігінен «А-400» әскери-көлік ұшағы, «L-410» жолаушылар ұшағы және «Би-300» патруль ұшағы ұшып өтті. Әскери шеру аяқталған соң аудан әкімінің орынбасары Гүлшара Ізімова аудан тұрғындарын қос мерекемен құттықтап, Тәжік-Ауған шекарасындағы ұрыс қимылдарына қатысқан Сайлаубек Дүйсеновті «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін», «Шекара әскерлерінің 30 жылдығы», Амантай Жәрдемовті «Тәжік-Ауған шекарасындағы ұрыс қимылдарының ардагері», Ертай Жұмабаевты «Ардагерлер қозғалысын насихаттауға қосқан үлесі үшін», Аманкелді Тобағұловты «Шекараны күзеткен қызметі үшін» медальдарымен, Асылбек Аманғалиевті «Қазақстан патриоты», Махамбет аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы, подполковник Нысаналы Нәсіпқалиев пен аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы, подполковник Анарбек Муталяповты «Қызылқоға ауданының әлеуметтік экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгілерімен марапаттады.
Шара барысында Х.Досмұхамедұлы және Б.Аманшин атындағы орта мектеп, Ы.Шөреков атындағы мектеп гимназиясы, «Ойыл аруы» би тобы, «Арман» мәдениет үйі қызметкерлерінің қатысуымен «Бақыт гүлін терген күн» театрландырылған көрінісі көрермендер назарына ұсынылса, «Аманат» хорының (жетекшісі Л.Тастаева) орындауында «Катюша» әні орындалып, «Ойыл аруы» кіші және орта би тобының (жетекшісі Л.Оқас) бишілері бимен көркемдеді. Сондай-ақ, Бисұлтан Мұхтаров «Отаным қазақ елі», «Қызылқоға аймағы» Жұмакелді Әділ «Дүр қамшы», «Көк бөрі», Зәуре Жұмағалиева «Қазақ елі» әндерін шырқап, мерекелік концерт «Арман» квартетінің орындауындағы «Алаш ұраны» әнімен тәмамдалды. Сөйтіп, Ұлы Жеңістің 80 жылдығына және Отан қорғаушыларға арналған салтанатты шара өз мәресіне жетті.
Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ