Өткен ғасырда әлемді дүр сілкіндірген Ұлы Отан соғысы төрт жылға созылып, жеңіспен аяқталды. Міне, содан бері 80 жыл мерзім уақыт өтті. Жеңісті жақындату үшін қаншама арыстарымыз жан аямай шайқасып, қан майданнан оралмаса, қаншама сарбаз батырлық пен қайсарлықтың үлгісін көрсетіп, жеңіспен елге оралды. Ел тыныштығы үшін басын бәйгеге тігіп, ерлік пен елдіктің қайталанбас үлгісін көрсеткен сарбаздардың қатарында жерлесіміз Демеу Асанғалиев та бар.
1921 жылы Қарабау елді мекенінде қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген ол Қарабау жетіжылдық мектебін, Гурьев (Атырау) педагогикалық училищесін бітірген соң алғашқы еңбек жолын Байшонас ауылында ұстаздықтан бастап, одан әрі оқу ісінің меңгерушісі болып еңбек етеді. 1942 жылдың сәуірінде өз арызы бойынша Кеңес әскері қатарына шақырылып, майданға аттанады да қараша айына дейін Башқұрт АССР-нің Стерлитамак қаласындағы жаяу-әскер училищесінде оқу-жаттығудан өтеді. Дон майданының №1 моторландырылған корпусының №1 моторландырылған бригадасында бөлімше командирі міндетін атқарған ол жаумен соғыста талай қиындықты бастан өткерді. Қан майданда бірнеше рет жарақат алып, емделген соң қайтада сапқа қосылып, ұрысты ары қарай жалғастырды. Соғыстың ең ауыр жылдарында НКВД әскерлерінің №134 шекарашылар полкында бөлімше командирі болып немістерге қарсы соғысқан кейіпкеріміз Румыния, Австрия, Венгрия мемлекеттерін басқыншылардан азат ету соғыстарына қатысты. 1946 жылы жеңіспен елге оралған соң өзі оқыған Қарабау жетіжылдық мектебінде оқу ісінің меңгерушісі, мектеп директоры, аудандық халыққа білім беру бөлімінің, аудандық партия комитетінің насихат және үгіт бөлімінің, ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, Сталин атындағы ұжымшардың басқарма төрағасы, Жангелдин атындағы кеңшардың директоры, Жангелдин ауылдық кеңесінің төрағасы болып халқына абыройлы қызмет етті. Еңбектен қол үзбей Орал қаласындағы мұғалімдер институтын Саратов қаласындағы зооветеринарлық институтын бітіріп, тарих пәнінің мұғалімі және ғалым-зоотехник мамандығын алады. Соғыстан алған жарақаттарының салдарынан майдангер 62 жасында, яғни 1983 жылы өмірден озды.
Соғыста көрсеткен ерлігі мен бейбіт заманда еңбектегі жаңашылдық, шебер ұйымдастырушылық қабілетін, іскерлігін таныта білген майдангер «Германияны жеңгені үшін», «Еңбектегі ерлігі үшін», «Еңбек ардагері» медалімен марапатталса, КСРО ауыл шаруашылығы көрмесінің қола медалін және екі мәрте Қазақ ССР-і Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет Грамотасын иеленді. «Батыр ана» медалінің иегері, өмірлік жары Аққиюаш Балмұқанқызы екеуі дүниеге алтын асықтай 13 ұл-қыз әкеліп, тәрбиелеп өсірді. Барлығын да жоғары оқу орындарында оқытты. Бүгінде олардың бәрі де бір-бір шаңырақтың иесі. Ендеше, елін жаудан қорғау жолында жан аямай күрескен майдангерді жас ұрпаққа үлгі-өнеге етсе керемет емес пе?!
Міне, соған сай «Жангелдин» мәдениет үйінде Ұлы Жеңістің 80 жылдығы аясында «Еңбектегі ерлігі үшін», «Еңбек ардагері» медалінің иегері, Ұлы Отан соғысының ардагері Демеу Асанғалиевті еске алуға арналған «Шалқысын Жеңіс ән болып» атты аудандық патриоттық әндер байқауы өтті. Жангелдин ауылдық округі әкімі аппаратының бастамасымен, аудан әкімдігінің қолдауымен, майдангердің ұрпақтары ұйымдастырған шараға барлық ауылдық округтен үміткерлер қатысып, бақтарын сынады. Алдымен майдангердің өмірі жайлы бейнебаян көрсетіліп, жұртшылыққа таныстырылған соң сахна шымылдығы «Жангелдин» мәдениет үйінің әншісі Хайролла Мәдиев орындауындағы жергілікті сазгер Еңсеген Әбидің «Майдангер» әнімен ашылды. Көрермендерге үміткерлер мен қазылар алқасы таныстырылғаннан кейін құттықтау тілектерін білдірген аудан әкімінің орынбасары Гүлшара Ізімова, майдангердің ұрпақтары атынан ұлы Мұратбек Асанғалиев, ұйымдастырушыларға алғысын айтып, байқауға қатысушыларға сәттілік тіледі.
Екі кезеңнен тұратын байқаудың ережесіне сай үміткерлер І кезеңде соғыс жылдарындағы әндерді, ал ІІ кезеңде әскери патриоттық әндерді орындайды. Екі сағатқа созылған байқаудың нәтижесінде, «Соғыстан қайтқан солдаттар», «Қазақстан сарбаздары» әнін нақышына келтіре орындаған Мұқыр ауылдық округінен қатысушы Жұмағали Есбол бас жүлдені жеңіп алып, ұйымдастырушылар атынан арнайы диплом мен 120 мың теңгені иеленсе, І орынды Нұрсипат Ізбасарова (Жангелдин а/о. «Ана туралы балада», «Бейбітшілік сақталады», 100 мың теңге), ІІ орынды Назым Бағдат (Тайсойған а/о. «Темная ночь», «Әлия», 80 мың теңге), ІІІ орын Бекболат Рафхат (Сағыз а/о. «Соғыстың соңғы әні», «Жеңіс», 60 мың теңге) иемденді. Сондай-ақ, басқа үміткерлер Алғыс хат және 50 мың теңгеден ақшалай сыйлықпен марапатталды.
Осылайша, Жангелдин ауылында елі үшін, кейінгі ұрпағының болашағы үшін сұм соғыста кеудесін оққа төсеп, қан кешкен жерлес майдангердің рухына арналған патриоттық әндер шырқалып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Бауыржан САҚТАСЫНОВ