Барша мұсылман қауымы ауыз бекітіп, Аллаға құлшылық амалдарын жасайтын айлардың сұлтаны - Рамазанның 26-нан 27-не қараған түні мың айдан да қайырлы Қадір түнінің қасиетін ерекше бағалайды.
Аудандағы мешітке жиналған жамағаттың ниеті осы күннен сауап алуға асығуынан айқын аңғарылады. Қасиетті құран түсірілген айда жасаған барлық ғибадат амалдарын орындауға тырысқан мұсылман жамағаты Алланың үйінде құлшылық жасады. Ораза тұтып жүрген жамағат үшін аудандағы дәстүрлі жалғасып келетін ауызашар асын бұл күні 1983 жылы туылған азаматтар ұйымдастырды.
Аудандағы ауызы бекітулі жандарға ауыз ашар дастарханын жайып, ізгі тілекерін арнады. Мешіт имамы Мұрат Сұлтанов ауызашарға жиналған жамағатқа ұстаған оразалары мүбәрік боп, тәуелсіз мемлекетіміздің татулығының жарастығын жалғайтын бірілігі мен берекесін тоғыстырған ниеттеріне ризашылығын жеткізді. Қашанда ел бірілігі маңызды. Қасиетті айдың әр күнінде сауапты істердің қасынан табылып жүрген аудан жұртшылығының 30 күн оразада ауызашар мәзірін ұйымдастыруы осыған дәлел болса, «мың айдан да қадірлі» қадір түніне құрметпен құлшылық жасау – ғибадаттың ең қайырлысы саналады. Тарауих намазында сәждеге бас қойған мешіт жамағаты иманға ұйып, құлшылық амалдарын жасады. Таң атқанға дейін қадір түнінен мол сауап күткен жамағат үшін имам уағыздар айтып, мүдәристер мұсылман жұртшылығының бойына ізгі амалдар мен имани қасиеттер дарыту мақсатында танымдық сауалдарды тарқатты.
Сауапты іске сауатты көзқарас қалыптастырудың маңыздылығы тарқатылған түнде жиналған жамағаттың ықылас-пейілі де еселене түскендей.