Қазіргі қоғам да, дәуір де мүлде өзгеше. Көз ілеспес жылдамдықпен дамып, жаңа белестерге ұмтылған кезең. Әсіресе, ақпараттың кең тараған шағында кез келген заңсыздық пен тәртіпсіздікті әшкере етіп, жолын кесудің үлкен мүмкіндігі бар.
Бұл тұрғыдан алғанда қоғаммен бірге «жасалып» келе жатқан сыбайлас жемқорлық мәселесін де шешудің негіздері қалыптасқаны жасырын емес. Онымен күресу еліміздің бүгінгі күнгі күрделі мәселелерінің бірі болып отыр. Үлкен әлеуметтік қасірет болып табылатын ол саяси даму тұрғысынан бір-біріне ұқсамайтын әлемдегі барлық елдің қайсын болмасын да қатты алаңдататыны айқын. Сыбайлас жемқорлықтың мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін едәуір төмендететіні, қоғамда демократиялық қайта құруларды жүзеге асыруды тежейтіні, елдің халықаралық беделіне көлеңке түсіретіні белгілі.
Ең бастысы - адамдардың қоғамның демократиялық негізіне деген сеніміне, заң мен әділдікке деген сеніміне, түптеп келгенде, билікке деген сеніміне кері әсер ететіні хақ. Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру – сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл субъектілерінің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті көрсететін құндылықтар жүйесін сақтау және нығайту бойынша өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын қызметі» деп түсіндіріледі. Яғни, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет – бұл адамның саналы және адамгершілікпен қарсы тұру қабілеті. Демек, еліміздің әр азаматы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыра білсе еліміздің дамуы бұдан да биік дәрежеге көтерілетіні анық. Кез-келген қызметкер өз отбасында, әріптестерінің арасында осы бір қағидаларды ұран қыла білсе, бұл індет түбімен жойылады. Әрбір қоғам дамуының жақсы жағымен қатар көлеңкелі тұсы да қатар жүретіндіктен, елдің әлеуметтік хал-ахуалының жақсарып, экономикалық жоғары даму деңгейіне жетуді, халқымыздың демографиялық өсіп-өнуін көздеген шаралар жасалынып жатқан кезде, алға басқан қадамды кейін тартып, дамуымызға тежеу болып отырған сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту - әрқайсымыздың азаматтық борышымыз.
Ақтолқын БИЖАНОВА,
аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы



