Жуырда Мәжілісте «Құқықбұзушылық профилактикасы туралы» заң жобасы және оған ілеспе екі заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Жаңа құжатты Ішкі істер министрі Ержан Сәденов таныстырған болатын.
Министрдің айтуынша, заң жобасы Президент тапсырмасы бойынша әзірленді. Онда құқықбұзушылыққа ықпал ететін себептерді жоюға назар аударылады.
– Бір бағытта бес заң біріктіріледі. Ол профилактика туралы, тұрмыстық зорлық-зомбылық, кәмелетке толмағандар, азаматтардың тәртіпті сақтауға қатысуы және әкімшілік қадағалау туралы заңдар. Профилактика барлық деңгейде қамтамасыз етілуі керек. Бұл тәсілдер заң жобасында көзделген. Біріншіден, ортақ жауапкершілік енгізіледі. Әкімдер өңірдегі құқықтық тәртіптің жай-күйі үшін, мемлекеттік органдар құзіреті бойынша профилактика үшін, мәслихаттар олардың есебін тыңдау бойынша және ақсақалдар, жұртшылық кеңестері секілді жергілікті қоғамдастықтардың рөлі күшейтіледі, — деді министр Мәжілістің жалпы отырысында.
Екіншіден, профилактика жөніндегі ведомствоаралық комиссияның мәртебесі жоғарылайды. Енді комиссияның құрамы мен құзыретін Президент бекітеді. Баға ұлттық баяндамада беріледі.
– Үшіншіден, профилактика жасалатын субъектілер тізбесі 13-тен 26-ға дейін кеңейтіледі. Олардың идеологиялық түсіндіру және тәрбие жұмысы, әлеуметтік бейімдеу және оңалту, цифрлық шешімдерді енгізу бойынша құзыреттері нақтыланады. Сондай-ақ азаматтардың, кәсіпкерлердің профилактикаға қатысу тәсілдері бекітіледі. Енді барлық құқық қорғау органдары қоғамдық көмекшілер тарта алады, — дейді Е.Сәденов.
Оның айтуынша, жеке профилактика шаралары күшейтіледі. Профилактикалық бақылауға жататын есепке алынған адамдардың тізбесі 6-дан 16-ға дейін кеңейтіледі. Әкімшілік қадағалауды қолдану саласы ұлғайтылады.
– Жаңа тетіктер де енгізіледі: ресми ескерту, өмірлік қиын жағдайдағы адамдарды есепке алып, олардың әлеуметтік бейімдеу және оңалту, жоғары назарды талап ететін жасөспірімдерді педагогикалық сүйемелдеу, жақындауға тыйым салу, ілеспе заң жобалары шеңберінде әкімшілік жауапкершілік, құқыққа қарсы контентті жариялау және тарту үшін енгізіледі, — деді ведомство басшысы.
kaz.inform.kz ақпараттық агентігіндегі мәліметтерге сүйенсек, заңнама нормаларына Әлеуметтік кодекс және үш заң сәйкес келтіріледі.
Заң жобасы қоғам қайраткерлерінің, құқық қорғаушылардың, ғалымдар мен сарапшылардың қатысуымен әзірленген. Көпшілік тыңдаулар өтті, сараптамалар жүргізілді, Президент Әкімшілігімен келісілді, Парламенттің қоғамдық палатасының отырысында қаралды.
Негізгі заңға ілеспе ретінде «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне құқықбұзушылық профилактикасы мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» және «ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне құқықбұзушылық профилактикасы мәселелері бойынша өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары мақұлданды.
Айта кетейік, жаңа заң жобасы қолданыстағы бес заңның нормаларын біріктіреді және бірыңғай профилактика жүйесін құруға бағытталған. Сондай-ақ оған профилактиканың арнайы және қылмыстың салдарын зерттеу шаралары енгізіледі.
ҚР ІІМ-нің Құрметті ардагері, ІІМ жол полициясының Құрмет белгісінің иегері, Атырау облысы, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы Дүйсенбек Гайсин заң жобасына енгізіліп отырған бұл өзгерістердің маңыздылығын атап өтті.

– Бір бағытта бес бірдей заңның біріктірілуі – уақыт талабынан туған шешім. Бұл – профилактика туралы, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, кәмелетке толмағандарды қорғау, азаматтардың қоғамдық тәртіпті сақтауға қатысуы және әкімшілік қадағалау туралы заңдар. Бұлардың әрқайсысы қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуде өз орны бар, ал біріктірілген жағдайда құқықтық жүйенің үйлесімділігін күшейтеді.
Профилактика шаралары тек полицияның міндеті емес, барлық деңгейде қамтамасыз етілуі керек. Заң жобасында осы бағыттағы жаңа тәсілдер нақты көрсетілген. Біріншіден, ортақ жауапкершілік қағидаты енгізіліп отыр. Яғни әркім өзінің құзыреті шегінде тәртіп пен қауіпсіздікке үлес қосуы тиіс. Өңірдегі құқықтық тәртіптің жай-күйіне әкімдер тікелей жауапты болады. Мемлекеттік органдар өз саласы бойынша профилактикалық шараларды жүйелі жүргізуі қажет. Мәслихаттар олардың жұмысы жөніндегі есептерін тыңдап, бақылауды күшейтеді, — деді Д.Гайсин.
Сала ардагерінің айтуынша, сонымен бірге ақсақалдар кеңесі, қоғамдық және жұртшылық кеңестері секілді жергілікті қоғамдастықтардың рөлі артады. Қазақ қоғамында қоғамдастықтың ықпалы әрқашан жоғары болған, ал жаңа заң осы әлеуетті құқықтық деңгейде бекітіп отыр. Бұның бәрі тәртіпті нығайтуға, құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған.
– Бұл өзгерістердің барлығы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықты азайтуға және жалпы құқықтық мәдениетті көтеруге мүмкіндік береді. Мен ішкі істер саласында көп жыл еңбек еткен кәсіби сала ардагері ретінде бұл қадамдарды дұрыс әрі дер кезінде жасалған шешім деп есептеймін, — деді Дүйсенбек Гайсин.
Қоғамдағы өзгерістерге сай заң жобаларына да дер кезінде түзетулер енгізіліп отыруы тиіс. Өйткені бұл – қажеттілік. Осы жаңашылдықтар туралы атыраулық қоғам қайраткері Балжан Досмұхамбетова былай дейді.

– «Тәртіпке бағынған құл болмайды» демекші, заң жобасындағы бұл өзгерістерді құптаймын. Өйткені енгізіліп отырған түзетулер қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған. Заң жобасында ресми ескертулер, өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарды есепке алу, оларды әлеуметтік бейімдеу мен оңалту тетіктерін жетілдіру қарастырылған. Сонымен қатар ерекше назарды қажет ететін жасөспірімдерді педагогикалық сүйемелдеу, қауіп тудыратын жағдайларда жақындауға тыйым салу, құқыққа қарсы контентті жариялау немесе тартуға жол бермеу мақсатында ілеспе заңдар шеңберінде әкімшілік жауапкершілікті күшейту көзделген.
Оның айтуынша, бұл нормалар өзінің ғана емес, жалпы қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға қызмет етеді. «Заң талаптары нақты әрі түсінікті болған сайын, азаматтардың жауапкершілік деңгейі де артады. Сондықтан бұл өзгерістердің барлығы уақыт талабы деп ойлаймын», — дейді қоғам қайраткері.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА



