Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Репрессия құрбандарын еске алды

Кеше Х.Досмұхамедұлы атындағы орта мектептің ауласында орналасқан «Халел аллеясында» саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған «Халық ұмытпайтын қасірет» тақырыбында шара ұйымдастырылды.

Өткен ғасырдың 30-шы жылдарында ел басына түскен нәубеттің салдарынан көптеген адамдарға нақақ жала жабылды, «халық жауы» деген атқа ие болды. Солардың қатарында есімдері елге таныс Х.Досмұхамедов, А.Науанов, Қ.Тасжанов, А.Самалықов, Қ.Есембаев, Т.Әубәкіров, М.Шананқұлов, А.Абдуллин, З.Сағындықұлы және тағы басқа да азаматтар бар. Нақақтан күйе жағылып, ұзақ жылға сотталған, ату жазасына кесілген жандарды бір минут үнсіздікпен еске алғаннан кейін сөз сөйлеген аудан әкімі Арман Баженов: – Бұл күн – қазақ халқын қайғыға ұшыратқан күндердің бірі ретінде аталып өтіледі. Сол кездердегі солақай саясат еліміздегі бас көтерген азаматтарды, зиялы қауымды қуғынға ұшыратты. Біздің, бізден кейінгі ұрпақтың басты парызы осы азаматтарды мәңгілік жүрегіне сақтау, рухтарына тағзым ету, – деді.

1

Шарада Б.Аманшин атындағы орта мектептің оқушысы Бағдат Қуанғали сөз сөйлеп, елге танымал мемлекет қайраткерлерінің, көзі ашық азаматтардың репрессия құрбаны болып, жазықсыз жапа шеккенін тілге тиек етті. Бұдан кейін аудан әкімі аппараты, аудандық мәслихат, ардагерлер кеңесі, Жастар ресурстық орталығы, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, Х.Досмұхамедұлы, Б.Аманшин атындағы орта мектептері мен №1 мектеп-гимназиясы Х.Досмұхамедов бюстісі орнатылған ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Ауыл өнерпаздары З.Жұмағалиева, Н.Нығмет «Арман-ай», «Отан ана» әндерін орындап, А.Тұрсынғали халық күйі «Ел айырылғанды» күмбірлетіп, нәубет заманның құрбандарына тағзым жасалды.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT