Департаментте «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Атырау облысы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссиясымен бірлескен «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы белсенді 16 күн іс-әрекет» акциясының қорытынды іс-шарасы өтті. Акцияның мақсаты – қоғамда зорлық-зомбылыққа мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру, тұрғындар арасында құқықтық мәдениетті арттыру және тұрмыстық жанжалдардың алдын алуда ортақ күшті біріктіру.
Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға және халықтың құқықтық сауаттылығын көтеруге бағытталған жиынға Атырау облысы полиция департаментінің қызметкерлері, Атырау облысы жұмыспен қамту орталығының өкілдері және жеті ауданнан шақырылған отбасын қолдау орталықтарының мамандары қатысты. Жиын барысында қатысушылар өз тәжірибелерімен бөлісіп, әйелдер мен балалар қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі жаңа тәсілдерді талқылады. Іс-шара кезінде Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының міндетін атқарушы полиция подполковнигі Абзал Әліпқалиев акция аясында атқарылған жұмыстарға тоқталып, профилактикалық кездесулер, түсіндіру жұмыстары мен мобильді топтардың қызметі жөнінде айтты. Сонымен қатар алдағы кезеңге арналған жоспарлар да ұсынылды.
Жиын соңында акцияға белсенді атсалысып, зорлық-зомбылықтың алдын алуға үлес қосқан қатысушылар Атырау облысы полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Нұрхат Оразбаевтың алғыс хатымен марапатталды.
Отбасылардағы тұрмыстық зорлық-зомбылық деңгейін төмендету бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.



