Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript.

Ат  қанатқа айналғанда: әлемге шындықты жеткізгісі келетін Катяның жолы

Катя ат үстінде отырған кезде өзгереді. Арқасы тік, қолдары еркін, көзінде — сенім. Оның жанында тыныш мінезді ұстазы әрі досы — Зефир атты жылқы. Атыраудан келген 16 жастағы Катяға сал ауруы диагнозы қойылған. Бірақ, ол күн сайын өз тіршілігімен дәлелдеп келеді: адамның шектеуі денесінде емес, мүмкіндіктерін қалай көретіні мен қалай сезінетінінде.

Үнсіздікке толы жылдар

Катя сәби кезінде көп жыламаған. Тіпті тым тыныш болды. Анасы — Мадина Нармагамбетова — алғашқы бір жыл бойы қызында бірдеңе дұрыс еместігін түсіне алмады. Бірақ уақыт өткен сайын алаңдайтын белгілер көбейді: Катя қозғалысқа икемсіз еді, жауап қатпайтын, сөйлемейтін.  Осылайша, балаға сал ауруы диагнозы  қойылды, бірақ оны қабылдау ана үшін оңай болмады.

Ең ауыр кезең — диагноз емес, алты жарым жылға созылған үнсіздік еді. Ұйқысыз түндер, көз жасы, қымбат емдеу курстары, массаж және үздіксіз терапия. Бұл — ауыр, бірақ қайсарлыққа толы балалық шақ еді.

Қазір олардың өмірі өте қарапайым. 63 жастағы Мадина қызымен бірге зейнетақыға күнелтеді. Үйде — тек әже мен апа ғана бар. Катяға осы адамдар қамқорлық пен ана мейірімін төгіп келеді.

Зефирмен жолыққан күннен басталған өзгеріс

3,5 жасында Катяны анасы «Атырау. Маленькая страна» қоғамдық бірлестігіне алып келді. Сол жерде 2012 жылдан бастап өңірде алғаш рет иппотерапия енгізген Ерлан Қүмісқалиевпен бірге жұмыс істеді.

Жылқыны алғаш көрген сәтінде Катя қатты қорыққанын жасырмайды.
— «Жылқыдан үрейлендім. Тіпті жанына барғым келмеді», — дейді Катя.

Бірақ жылқы асықпайды. Ол адамды тыңдайды — даусымен емес, қимылымен, тынысымен. Уақыт өте қорқыныш сейіліп, орнын сенім басты. Ал сенім — қозғалыстың бастауы болды.

Бүгінде Катя күн сайын инватаксимен орталыққа барады. Жүйелі жаттығулар нәтижесін берді:

* қозғалыстары жеңілдеді,
* арқа бұлшықеті нығайды,
* дене қалпы түзелді.

 Ол ат үстінде отырып, өзге балалармен бірге жаттығуларды сенімді орындайды. Оның сүйікті жылқысы — Зефир.
 «Ол маған өзіме сенуге үйретеді», — дейді Катя.

Иппотерапия — қозғалыс қана емес, жанға да ем

Иппотерапия — атқа міну ғана емес, ол бұлшықет тонусын реттеп, баланс пен үйлесімділікті дамытатын, жүйке жүйесіне оң әсер ететін ғылыми негізделген терапия. Жылқының қимылы адам жүрісіне ұқсайды — сондықтан Катя үшін әр жаттығу денесін қайта «үйретудің» бір бөлігі.

Қазақстанда бүгінде 15-тен астам иппотерапия орталығы бар. Бірақ Катя үшін Атыраудағы орталық — оның өз денесін түсініп, болашаққа құқығы бар екенін таныған мекен.

Арман: микрофон мен адал сөз

Катя көп оқиды, подкаст тыңдайды, түрлі қалалардағы журналистермен хат алысады. Сұхбат қалай құрылады, сұрақ қалай қойылады, әңгіменің өзегі қалай табылады — бәрін білгісі келеді.

Әлеуметтік желідегі парақшасын жүргізеді, видеолар түсіреді, шағын жеңістерімен бөліседі.

— «Ерекше балаларға тілейтінім: қиындыққа мойымаңыздар. Ал менің арманым — өздігімнен жүре алатын деңгейге жету және колледжге түсу», — дейді Катя

Ол әр қадамның құнын білетін адамның үнімен сөйлейді.

 «Катя — жарыққа толы»

Анасы Мадина қызының ішкі әлемі ерекше екенін  айтады:
— «Катя туған күннен бастап-ақ жүрегінің үлкен екенін сездім. Диагнозға қарамастан, ол ешқашан тоқтаған емес. Оқуға, өмірге араласуға, өз қатарластары сияқты болуға тырысты. Бізге өте қиын болды… бірақ бүгін оның қалай өзгеріп, сенімді болып келе жатқанын көргенде, қызымның ішінде қандай жарық барын түсінемін» деді ол.

Таңдауды өзгерткен мүмкіндік

2020 жылдан бері «Теңізшевройл» компаниясы әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында «Атырау. Маленькая страна» ұйымына тұрақты қолдау көрсетіп келеді. Бұл орталыққа жаңа мамандар тартуға, терапиялық жылқылар сатып алуға, оңалту және альтернативті бағдарламаларды дамытуға жол ашты.

Ондаған бала үшін — бұл денсаулыққа жол.
Катя үшін — арманын жүзеге асыруға бастау.

Ол әлі журналист емес.
Бірақ ең маңыздысын әлдеқашан меңгерген: адамды көре білу және шындықты айтуға қорықпау.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT