Өзбекстан елінің астанасы Ташкент қаласында жасөспірімдер арасында дзюдо күресінен Азия чемпионаты болып өтті. Сары құрлықтың басты бәсекесінде ел намысын 55 келі салмақта жерлесіміз Ерхан Мұрат қорғады.
Алғашқы белдесулерінде Түркіменстан, Тәжікстан, Қырғызстан елдерінің балуандарын таза жеңіп, ақтық айқасқа жолдама алды. Финалда тәжік елінің балуанымен белдескен Ерхан негізгі уақытта екеуі де бір-бірін ала алмай тең тарқасты. Қосымша уақытта Ерханның сәл босаңсығанын сәтті пайдаланған қарсыласы әдіс жасап, ұпай иеленіп кетті. Сөйтіп жерлесіміз Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды.
Аталмыш жарысқа шәкіртіне қолдау білдіруге барған жаттықтырушысы Сәлімгерей Нұрболғанов:
- Бұл жарысқа негізі чемпион боламыз деп келдік. Жеребе де сәтті түсіп, Ерхан алғашқы белдесулерді айқын басымдылықпен ұтты. Финалда да жаман күрескен жоқ. Негізгі уақытта өте белсенді болды. Қосымша уақытта қарсыласына есе жіберіп алды. Чемпион болған тәжік балуаны Ерханға қарағанда физикалық тұрғыда бір бас жоғары болды. Дегенмен өкінетін ештеңе жоқ. Осы жарыстан кейін жіберген қате-кемшіліктерімізді саралап, сол бойынша жұмыс жасаймыз. Сосын ақпан айында Қазақстан Республикасының чемпионаты өтеді. Енді соған жақсылап дайындалып, былтырғы чемпиондық атақты қорғап қалуымыз керек, – дейді.
Ендеше, Азия чемпионатында жүлдегер атанған Сағыз балалалар мен жасөспірімдер мектебінің шәкірті Ерханды жеңісімен құттықтап, алдағы жарыстарына сәттілік тілейміз.
Дулат МӘТЖАН