Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

«Аудандар» құрамасы күміс жүлдегер атанды

Атырау қаласындағы Абай орталығында БАҚ қызметкерлері күніне орай және «Атырау» газетінің 100 жылдық мерейтойына арналған «Атырау-Ақпарат» медиахолдингінің ұжымдық ІІ спартакиадасы ұйымдастырылды. Тартысқа толы спорттық шараға облыстық «Atyraý» және «Прикаспийская коммуна» газеті редакциялары, Электронды БАҚ және контент бөлімі, Баспахана, аудандық газеттер және әкімшілік секторының құрамалары қатысты.

Ашылу салтанатында «Атырау-Ақпарат» медиахолдингінің бас директоры Жасын Біркенов құттықтау сөз сөйлеп, айтулы шараның маңыздылығына тоқталып, әріптестерінің қызықты ойын көрсететініне сенімін білдірді.


Сондай-ақ, Атырау қаласы әкімінің орынбасары Нұржан Ермұханов, «Atyraý» газетінің бұрынғы бас редакторы, ардагер-журналист Нұрлан Қабылов, салауатты өмір салтын насихаттау, БАҚ қызметкерлерінің бұқаралық спортқа қызығушылығын арттыру, достық қарым-қатынасты нығайту мақсатын ұстанған байрақты бәсекеде бақтарын сынауға келген командаларға сәттілік тіледі.
Қатысушылар футзал, волейбол, шахмат, дойбы, үстел теннисі сынды сайыс түрлерінен өзара мықтыны анықтап, жүлдені сарапқа салды. Соның ішінде «Аудандар» құрамасы өздерінің жоғары дайындықпен келгендіктерін көрсетіп, белсенділіктерін танытты.

Волейболға тас түйін әзірленгендігін дәлелдеген аудандықтар өз тобындағы командаларды жеңіп, финалдық ойындарда да «Прикаспийская коммуна» және «Баспахана» топтарынан басым түсіп, жеңімпаз атанды. Бұл ойында «Жайық шұғыласы» газетінен Баян Сүйеуова, Қазбек Айтқалиев, «Мақат тынысынан» Мөлдір Ізтұрғанова, Барша-Мұрат Амантаев, «Қызылқоға» газетінен Нұрсәуле Жауынбаева, Кәмшат Әбіш, «Дендерден» Арал Байжігітов және «Нарын таңынан» Аяпберген Салихов, Сағыныш Қайыр ойынға тыңғылықты дайындықпен келгендерін байқатты.
Футзалдан «Аудандар» құрамасы өз тобында «Atyraý» және «Әкімшілік» командаларымен кездесті. Екі команданы да айқын басымдылықпен жеңген аудандықтар финалда «Баспахана» командасымен ойынды 1:1 есебімен тең аяқтап, пенальтиде кездесті. Нәтижесінде 2:0 есебімен «Баспахана» командасы басымдылық танытып, аудандықтар есе жіберді. Нәтижесінде ІІІ орынға «Прикаспийская коммуна», ІІ орынға «Аудандар», І орынға «Баспахана» топтары жайғасты. Алаңда «Жайық шұғыласы» газетінен Қазбек Айтқалиев, «Мақат тынысынан» Асылбек Есжан және Барша-мұрат Амантаев, «Дендер» газетінен Жанай Амантурлин, «Қызылқоға» газетінен Дулат Ғұбайдуллин өз шеберліктерін таныта білді. Ала доп қуып жүрген әріптестеріміз кәсіби футболшылардан бір кем өнер көрсеткен жоқ.
Ал жекелей үстел теннисі ойынында ерлер арасында «Atyraý» командасының мүшесі, ардагер-журналист Нұрлан Қабылов І орын, Серік Төлебаев (Баспахана) ІІ орын, Жанай Амантурлин (Аудандар) ІІІ орынға ие болды. Әйелдер арасында Қасиет Бахкерейқызы (Электронды БАҚ және контент) І орын, Раушан Ашықпаева (Баспахана) ІІ орын, Кәмшат Әбіш (Аудандар) ІІІ орынмен марапатталды.


Дойбы бойынша ерлер арасында Алмас Текешов (Баспахана) І орын, Қайрат Сатаев (Прикаспийская коммуна) ІІ орын, Дәулетқали Аруев (Atyraý) ІІІ орынға ие болды. Ал, әйелдер арасында Майра Ізбасарова (Баспахана) І орын, Лена Нұрбаева (Әкімшілік) ІІ орын, Эльмира Әбілхайырова (Atyraý) ІІІ орынды місе тұтты.
Ұшқыр ойды қажет ететін шахмат ойынында ерлер арасында Бауыржан Бердіғалиев (Аудандар) І орын, Мирас Нұрмұханов (Баспахана) ІІ орын, Қаныш Есенғалиев (Әкімшілік) ІІІ орынға ие болды. Сондай-ақ, әйелдер арасында Факия Иманғалиева (Әкімшілік) І орын, Ақмарал Бокирова (Аудандар) ІІ орын, Сая Рамазанова (Atyraý) ІІІ орынға қол жеткізді.
Спартакиаданың командалық қорытындысында «Баспахана» командасы кезекті рет жеңімпаз атанаса, «Аудандар» құрамасы ІІ орынды қанжығаларына байлады. Ал, үшінші орынға ие болған «Әкімшілік командасы» 100 жылдық мерейтойын тойлап жатқан «Atyraý» газеті командасына ІІІ орынды сыйға тартты. Сондай-ақ, белсенділігімен көзге түсіп, үздік өнер көрсеткен Қайрат Сатаев, Факия Иманғалиева, Қасиет Бахкерейқызына алғыс хат пен ынталандыру сыйлығы табысталды.

М.ІЗТҰРҒАНОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521