Миялы спорт кешенінде аудан әкімдігінің қолдауымен «Мағауия» спорт клубының ұйымдастыруымен дзюдо күресінен 2008-2015 жылы туған жасөспірімдер арасында Батыс аймақтық турнир өтті. Оған Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау облыстарынан барлығы бес жүзге тарта балуан қатысып, екі күн бойы жарыс көрігін қыздырды.
Турнирдің ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімінің уақытша міндетін атқарушы Ерболат Иғали:
– Бұл турнирдің қасиетті Қызылқоға жерінде өтіп жатуы да бекер емес. Себебі, біздің аудан талай белді балуандарды тудырып, қанатын қатайтқан ұстахана екендігі белгілі. Бүгінгі жарыс болашақ чемпиондарға жол ашатын байрақты дода болуына тілектеспін. Сондай-ақ, алыс-жақыннан келген барша жарыс қонақтарына «Қош келдіңіздер» демекпін. Ал, балғын балуандарға тек ғана сәттілік, - деді.
Бұдан кейін сөз алған «Мағауия» спорт клубының директоры Наурызбек Майлашев қатысушыларға жарыс ережесін түсіндіріп, артынша спорт кешенінің тазалықшыларына клуб атынан алғыс хат пен ақшалай сыйлық табыс етті.
Екі күнге созылған байрақты бәсекеде жерлестеріміз намысты қолдан бермеді. 27 салмақ дәрежесінде өткен додада жерлестер арасынан Мадияр Асқар (Миялы), Ерназ Сәуірбай (Миялы), Мейрамбек Жанболат (Миялы), Бернар Ерболат (Миялы), Заңғар Қабидолла (Жангелдин), Ізбасар Қази (Жангелдин), Хамит Сартай (Мұқыр), Тоқтар Серіктер (Көздіғара) өз салмақтары бойынша жеңімпаз атанып, аудан күресінің болашағының жарқын екендігін тағы бір дәлелдеді. Жарыстың бас төрешесі Бүркіт Орынбасаров:
«Жарыс өте жоғары деңгейде өтті. Әсіресе, үлкен жарыстарға шыға алмай жүрген ауылдың балаларына өздерін көрсетуге мүмкіндік туды. Жеңімпаз болады деп күткен балалар ұтылып қалып, тасада жүрген тың есімдер жарқырап көрінді. Сонымен қатар, әр өңірдің күресінің даму деңгейін де көрсеткен жарыс болды» деген пікір білдірді.
Екі күн бойы Миялы спорт кешенін жанкүйерге лық толтырған бұл жарыс расымен де тартысты өтті. Әсіресе күрес әліппесін енді үйреніп жүрген жас балуандардың жеңсе секіріп қуанып, жеңілсе намыстанып жылаған сәттері көпшіліктің есінде ерекше естелік болып сақталып қалды. Ең бастысы жаттықтырушылар осы жарыстан кейін көзінде оты бар дарынды шәкірттерін іріктеп, алдағы жарыстарға жаңа құрама жасақтауға мүмкіндік алды.
Дулат БЕРІКҰЛЫ