Атырау облыстық білім беру басқармасының мемлекеттік тапсырысы аясында жүзеге асып жатқан «Ұрпағыңмен мың жаса!» жобасы аясында ерекше форматтағы шара – әкелер мен ұлдар арасындағы жүгіру марафоны алғаш рет ұйымдастырылды.
Отбасы құндылығын нығайту мен ұрпақ тәрбиесінің маңызын насихаттауға бағытталған марафонға облыс аумағындағы мектептерден – 250 әке және осынша ұл қатысты. Жасы 11-ден асқан оқушылар әкелерімен бірге бәсекеге түсіп, отбасылық серіктестіктің жаңа үлгісін көрсетіп отыр. Жарыс №38 орта мектеп алаңынан басталып, қатысушылар 5 және 3 шақырымдық қашықтықтарды бағындырды. Шараның жүлде қоры — 600 мың теңге. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастама балалардың да, ата-аналардың да спортқа деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, отбасыаралық байланысты нығайтуға ықпал етеді. Марафонда көзге түскен қатысушылардың бірі – 2017 жылдан бері түрлі қашықтық бойынша марафондарға тұрақты қатысып, талай мәрте жүлде иеленіп жүрген Болат Мұқашев.
Бұл жолы ол 150 нөмірімен жүгіріп, мәреге екінші болып келді. Болат Мұқашев 21 шақырымдық толық марафондарда да бағындырған белестерімен танымал. Ең қуаныштысы – биыл оның ұлы Жұмабай Ибрагим алғаш рет жарысқа қатысып, бірден үздік ондықтың қатарынан көрінді. Әкесі енді Ибрагимді кәсіби деңгейде марафондарға баулуды жоспарлап отыр. Жарыстың үшінші орны №105 нөмірлі Рысбек Төралиевке бұйырды. Оның ұлы да жақсы нәтиже көрсетіп, мәреге 11-ші болып келді. Ұлдар арасындағы бәсеке де тартысты өтті. Екінші орынды – Әлім Көшқалиев, үшінші орынды Асылжан Салық иеленді.
-Марафонға ұлыммен бірге қатысып отырмын. Бұл сайыс ең алдымен денсаулығымыз үшін маңызды. Осындай жарыстар отбасы құндылығын арттыруға оң септігін тигізері сөзсіз, — дейді марафон қатысушысы Е.Құдайберген.
Айбөпе САБЫРОВА
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ


