Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жақында «Turkistan» газетіне берген сұхбатында біраз мәселе талқыланып, елімізде жасалған жұмыстарды қортындылап, атқарылатын жұмыстар айтылды. Бұл мән-маңызы зор сұхбат болды десек те болады.
Ауылдағы ағайынның жай-күйі, ауылшаруашылық саласы да осы сұхбатта кеңінен айтылғаны көңіл қуантады. Қашанда ауылшаруашылық саласы мемлекет басшысының сұхбаты, Жолдауынан тыс қалмай, қомақты қаржы бөлініп қолдау көрсетілуде. Айталық, шаруагерлерге 2024 жылы 580 миллиард теңге, былтыр 1 триллион теңге жеңілдетілген несие берілді. Бұл – өте қомақты қаржы. Соңғы он жылда шаруагерлерге көрсетілген қолдаудың көлемі 10 есе артса, жалпы өнім көлемі 2,5 еседен астам өскен. «Енді басқа бағыттардағы жұмысты күшейту қажет. Ең алдымен, мал шаруашылығын дамыту керек. 2035 жылға қарай әлемде мал етін тұтыну көлемі 233 миллион тоннаға дейін өседі. Соған сәйкес, оның импорты 27 миллион тоннаға дейін артады. Қазақстанның, сыртқа, әсіресе, Азия елдеріне ет шығаратын ірі экспорттаушыға айналатын мүмкіндігі бар. Сондықтан, былтыр қарашада өткен Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің екінші форумы дәл осы мал шаруашылығы саласына арналды. Билік ауыл шаруашылығын сапалық тұрғыдан дамыту үшін көп жұмыс істеп жатыр. Бірақ, қомақты инвестиция құю қалаған нәтижеге жеткізе бермейді. Оның тиімді жұмсалуына баса назар аудару керек» деген мемлекет басшысының «бірлестік құру ісін науқанға айналдырып, жұртқа қысым көрсетуге, оларды мәжбүрлеуге жол берілмейді» деген сөзі өте орынды. Берілген тапсырма іс жүзінде іске асуымен құнды.
Қайырғали БАЗАРБАЕВ,
ауылшаруашылық саласының ардагері



